9 Наурыз 08:52

Cағидың ақыры

Фото:

Қарағанды облысындағы қылмыстық топтар туралы сөз қозғалғанда осы өңірде есімін естігенде ересек түгілі еңбектеген бала жылағанын сап тыйған, талайды тітіреткен Сағит Шоқпытов еске түседі.

Бұл адамның жетекшілігіндегі қылмыстық топтан анау-мынау емес, түрлі-түсті метталлургия саласының алыбы – «Қазақмыстың» басшылығы зәрезап болғанын айтсақ жеткілікті болар.

«Қазақмыс» корпорациясы мыс, цинк өндіру бойынша әлемдегі ірі он өндірушінің қатарында аталады. Жыл сайын оған тиесілі кеніштерде 40 миллион тонна кен өндіріліп, одан 400 мың тонна тазаланған мыс, 5 тонна алтын құймасы мен 700 тоннадай күміс өндіріледі. 2000-жылдардың ортасында осы өнеркәсіп алпауыты көресіні қарақшылардан көрді. Жағдайдың ушыққаны сонша, жергілікті құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіпорындағы жаппай ұрлау, жемқорлық деректерін тыюдың жолын таппай басы қатты.

Корпорация басшылығы ІІМ-не, біреулердің айтуынша, сол кездегі министр Бауыржан Мұхамеджановтың тікелей өзіне шыққан көрінеді. Министр дандайсып кеткен қылмыстық топты құрықтауға криминалды полиция комитетінің таңдаулы жедел уәкілдерін аттандырады. Тәжірибелі қызметкерлер бірнеше айдың ішінде кәсіпорын төңірегінде шырмауықша шырмалған қылмысты тарқатуға, қылмыскерлер мен олармен ымыраласқан кәсіпорын қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартуға қол жеткізген. 2007 жылы бұл іс түпкілікті шешілген еді.

«Кутуз» жанармайды қалай жымқырды?

Сол уақытта алдын ала есептеу бойынша, «Қазақмысқа» тиесілі кәсіпорындардан 132 мың тонна жанар-жағармай мен жалпы құны 70 миллион теңгеден асқан мыс-цинк концентратының қолды болғаны анықталады. Бұл тергеу барысында ашылған деректер ғана. Шындығында келтірілген шығынның жалпы сомасы шаш етектен.

Қылмыскерлер «Қазақмыс» кәсіпорындарының қызметкерлерімен сыбайласып әрекет еткен. Олардың бірі – жанар-жағармай базасы директорының орынбасары Алмас Жәкеев. Сот үкімінде оның тоғыз мәрте ұрлыққа барғаны дәлелденгені туралы жазылған. Жәкеев жанармай құюшыларға жерасты жанармай бекеттеріне арналған дизель отынын жіберу туралы жалған құжат жасауға бұйрық беріп отырған. Шахталардағы ауыр техникаға арналған жанармайдың тең жартысы оларға жетпей, цистерналарда қалып, оны жүргізушілер қалаға шығарып келген. Бірнеше жүргізуші база директоры орынбасарының тікелей нұсқауымен әрекет еткен. Сәтпаев қаласында жанармайды жергілікті қылмыс әлемінің жетекшісі Сағит Шоқпытовтың оң қолы – «Кутуз» деген лақап атпен танымал Марат Күнтуғановқа тиесілі резервуарларға құйып отырған. Ал «Қазақмыстың» жанармай құюшылары кейін құжаттармен жанармайдың қажет көлемін жұмыс үшін пайдаланған есебінде көрсетеді. Жанармай ұрлау бірнеше жылға созылып келген. Ұрлық көлемін мына сандардан-ақ байқауға болады: бес жыл ішінде Сәтпаев пен Жезқазған қалаларындағы жанармай бекеті бар кәсіпкерлер өңірдегі және өзге аймақтағы мұнай базаларынан  бірде-бір рет дизель отынын сатып алмаған. Бұл құзырлы органдардың күдігін туғызса керек еді. Өйткені өңірде жанармай тапшылығы деген мүлде болмаған. Ал мұндағы дизель майының бағасы елдегі ең төменгі бағада – литрі 50-52 теңгеден саудаланыпты. Заңсыз жанармай саудасынан түскен табыстың бір бөлігі ұрлағандардың қалтасында кеткен. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, қылмыскерлерге «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің тауар-материалдық құндылықтарды бақылау бөлімінің бастығы Валерий Ан, сол бөлімнің инженері Марат Бодықов, «Степной» кенішінің бухгалтері Наталья Тюрина, сол кеніштегі жанармай бекетінің операторы Гүлбадан Байгенжинова тиісті ақысына көмектесіп отырған.

ІІМ тергеушілерінен құрылған арнайы топ қылмысқа қатысы барлардың бәрін аңдуға кіріседі. Мобильді байланыс операторларының көмегімен, олардың кімдермен телефон арқылы не туралы сөйлескендерін анықтайды.

Бұлтартпас дәлелдер жиналған соң, барлық сыбайласты ұстау басталады. 2006 жылдық желтоқсанында осы іске шатылғандардың бәрі тұзаққа түседі. Одан кейін Алмас Жәкеев, сосын «Кутузды» өзі – Марат Күнтуғановтың да басына күн туады. Оны пәтерінен ұстау кезінде тонының қалтасынан марихуана және Калашников автоматының 19 оғы табылған. Сонымен бірге «Кутуздың» пәтерінен аммонал – күшті жарғыш зат шыққан. Сот орындығына 9 адам отырады.

Сот алдында Алмас Жәкеев Сәтпаев қаласындағы тергеу абақтысынан қашып кетпек болады. 2007 жылдың 15 ақпанында ол өзін әжетханаға апару үшін камераға кірген қос қарауылды орындықпен ұрып талдырады. Бірақ ол абақтының сыртқы қақпасына жете алмады. Дер кезінде жеткен өзге қарауылдар оның жолын кеседі.

Сағи

Сағит Шоқпытовтың өмірі елге кең танымал болған «Төрт ағайынды» қылмыс тобының жетекшілерінің бірі – Еркін Ізбасардың тағдырына ұқсайды.

Сағи I-топ мүгедегі болатын. Бала кезінде әке-шешесінен айырылып, туыстарының қолында өскен. Мектептен соң әскер қатарында құрылыс батальонында борышын өтейді. Сол жерде жүріп омыртқасын жарақаттап, елге жарымжан боп оралады. Бірақ ол мойымай, жаттығу жасап, тіпті таяққа сүйеніп жүретін халге келеді. Сосын толық айығу үшін 1996 жылы Қытайға барады, бірақ ол жақтағы дәрігерлердің қателігінен мәңгіге мүгедек арбасына таңылады. Бірақ Сағи кемтарға берілетін жәрдемақымен өмір сүруді қаламады. Ұсақ-түйек ұрлықтан бастаған ол, бірте-бірте төңірегіне жинаған қылмыскерлермен бірге «Қазақмыстың» жекелеген кәсіпорындарына да ауыз сала бастайды.

Сағи құрған қылмыстық жүйеде әркім өз орнын жақсы білді. Оның полицияда, кейбір кеніштерде өз адамдары болды. Біреулерін қорқытып бағындырса, екіншілерін парамен майлады. Ал екеуіне де көнбегендерге зорлық-зомбылық көрсеткен. Тіпті ашықтан-ашық жұмыс орнында сабап кеткен. Қарақшылар қарапайым кеншілердің қалтасындағы соңғы тиынды да бопсалаудан арланбапты. Ай сайын кеншілер арқа еті арша, борбай еті борша боп табатын жалақысынан 10 мың теңгені Шоқпытовтың адамдарына беріп отырған. Мұны олар қосалқы бөлшектер мен арнайы киім алуға деп түсіндірген. Ал шын мәнінде осылай жиналған миллиондаған ақша қылмыскерлердің қоржынын толтырып келген. Сағидың адамдары корпорация жұмысшыларының құнды заттарын, көлігін, тіпті баспанасын тартып алған да оқиғалар болған. Полициядан араша сұрағандарды аяусыз ұрып-соғып, мойнына ақша іліп отырған.

Осы істі ашу барысында жедел уәкілдердің назарына Жезқазған қаласының ішкі істер басқармасының жоғары лауазымды қызметкері ілігеді. Оның інісі Сағит Шоқпытовтың тобының қазынашысы болып шықты. Бұл оқиға әшкере болысымен офицер өз еркімен ішкі істер органы қатарынан кету туралы арыз жазып, жұмыстан шыққан.

Сәтпаев қаласының сотына тоғыз адамның ісі түскенін жоғарыда баяндадық. Есірткі мен оққа қатысты дәлелдер жеткіліксіз деп тапқан судья «Кутузды» 3 жылға шартты мерзімге соттайды. Жәкеев те шартты жаза мерзімін алады. Өзгелері де осындай жазамен құтылады. Осылайша тергеушілердің айлап жинаған дәлелдерін сот жеткіліксіз деп танып, іс жүзінде қылмыстық топтың ешбір мүшесін ауыр жазаға тартпады. Ал Сағит Шоқпытов болса, өзін ұстауға келген күнге жетпей көз жұмған еді. 

Оны «Қазақмыс» корпорациясындағы жанармай ұрлығына қатысты күдіктілерді жаппай ұстаудан бірнеше күн бұрын өлтіріп кетті. 28 қарашада түн ортасында Сағиды үйінің алдында көлігінде отырған жерінен әлдекім тапаншамен атып кетеді. Шоқпытов сол жерде жан тапсырады. Тәртіп сақшылары тапаншадан саусақ таңбаларын таппайды. Шұғыл ұстау операциясы басталады. Таңғы 5:30-да Алматы-Қарағанды жолында, Топар ауылының маңында ағасының көлігін құжатсыз айдап келе жатқан Витта Махмаханов дейтін біреу ұсталады. Тәртіп сақшылары одан қылмыстық топ жетекшісін өлтірген осы болуы мүмкін деп күдіктенеді. Өйткені Виттаның інісі Амир мен Сағидың арасында кикілжің болған екен. Қылмыстық топ жетекшісінің Лондондағы оқуын бітірген соң, «Қазақмыс» корпорациясынан тағылымдамадан өтуге келген жас жігітті бопсалағаны туралы сөз тараған еді.

Полицейлердің тағы бір нұсқасы болды. Витта «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының тапсырысын орындауы да әбден мүмкін ғой. Өйткені компания басшылығы Сағидың қылмыстық жауапқа тартылатынына, қылмыстық топтың әшкере болатынына сенбеуі де ғажап емес еді. Ал бұл жағдайда Шоқыптовтың одан әрі өштесіп алары айдан анық болатын.

Бірақ бір жыл өткен соң Витта Махмаханов сотта ақталып шықты. Судья оның Шоқпытовты өлтіруге қатысы барын айғақтайтын дәлел жоқ деп тапты. Осылайша Сағидың өлімі күні бүгінге дейін ашылмаған қылмыстардың қатарын толтырды. Дегенмен Жезқазған мен Қарағанды өңірінің тұрғындары күні бүгінге дейін Сағиды қорқынышпен еске алады. Оның астыртын ықпалы расында да өте күшті болған еді.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан

Тегтер: