20 Маусым 19:36

Болат Назарбаевтың экс-әйелі Нарынқолда дүркіретіп той өткізді

Фото:

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің «Рейдерлік» бабы бойынша іс қозғағаны туралы ақпарат тарады. 

Құзырлы органдарға арызды Нұрша Кәкенов деген азаматтың жазғаны белгілі болды. Ол «Каруан» ЖШС құрылтайшыларының бірі болған, бірақ оның үлесін Назарбаевтар алып қойған, арызданушы оның шығынын 150 миллион долларға бағалапты.

Бір қызығы, «үстінен іс қозғалды» делінген Майра Құрманғалиева өткен сенбі күні өзінің туған жерінде – Райымбек ауданындағы атақты Шұбартал жайлауында анасының 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті.

«Бұл тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда», – дейді тойға қатысып, қызықтап қайтқан жергілікті тұрғын. Оның айтуынша, тойға қонақтар Қазақстанның әр жерінен келіпті. Әсіресе, атбегілер тұлпарларын баптап, арнайы жеткен. Өйткені бәйгеге бірнеше көлік тігілген көрінеді.

«Жұмадан бастап біздің ауданды қонақтар басып қалды. Алматы жақтан ағылған көліктер іркес-тіркес болып, Шұбартал жайлауына қарай өрлеп жатты. Небір қымбат көліктер арнайы тіркемемен бәйге аттарын алып келді. Ауылдың аттарын бәйгеге бөлек қосты, қалалық тұлпарлар бөлек шапты. Жорға жарыс, құнан бәйгені де тамашаладық. Бәйгеден бірнші келгендердің бәрі көлік мінді. Күрескен палуандар да жүлдесіз қалған жоқ», – дейді той куәгері.

Естуімізше, тойдың мәнді де сәнді өтуіне Райымбек ауданының әкімдігі атсалысқан. Аудандағы он бір ауылдық округ бір-бір киіз үйден тігіп беріпті. Әкімдік араласатындай Майра Құрманғалиеваның анасы қоғам қайраткері ме? 

Бұл мәселенің жай-жапсарын білмек болып Nege тілшісі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты.

«Райымбек ауданының әкімі Нұржан Кеңесұлына хабарластым. Журналистердің осы мәселені сұрап жатқанын айттым. Ол: «Ауыл азаматтары ғана атсалысты, ол жерде бірде-бір мемлекеттік қызметте істейтіндер болған жоқ. Ешкім киіз үй тікпеді», – дейді. Ол жерде тек ауыл белсенділері ғана жүрген, солар көмектескен», – деді Ғалымұрат Жүкел.

Алайда біздің оқырманымыз басқа мәлімет айтты. Ол аудандағы он бір ауылдық округ бір-бірден киіз үй тіккенін, әр ауылдық әкімдіктен жауапты адамдар бекітілгенін және бұл мәселені оңтайлы шешуге жоғарыдағылар араласқанын айтады.

«Біздің естуімізше, Майра Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовқа қолға салған көрінеді. Ол кісі Болат Назарбаевпен жақын араласты ғой, Майраның өтінішін қабылдап, облыстың қазіргі басшылығына көмектесу керектігін айтыпты», – дейді ол.

Тойдың дүркіреп өткенін, жайлау төрінде эстрада әншілерінің ән шырқағанын, елге белгілі біраз адамның қонақ болғанын редакциямызға келіп жатқан фото-видеолардан көрдік. Мәселен, әнші Мадина Сәдуақасова тойдан көріністерді әлеуметтік желідегі парақшасына да салды.  

Ал енді жайлау төріндегі мерейтойға Майра Құрманғалиеваның өзі келді ме?

«Майраның өзін көрмедік. Естуімізше, өзі тойға келе алмаған. «Үстінен қылмыстық іс қозғалған» дей ме, әйтеуір жұрт оны әлі де шетелде екен деп жүр. Анасы мен бауырлары, туыстары тойда жүрді. Ал өзін көрмедік», – деп жауап берді куәгер. 

Бұдан бірнеше жыл бұрын Болат Назарбаев пен Майра Назарбаева дәл осы Шұбартал жайлауында ұлдары Ханболаттың сүндет тойын өткізген. Жұрт сол тойды әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Жүздеген киіз үй мен бәйгеге тігілген бірнеше көлікті айтпағанда, Б.Назарбаев тойға келген халықтың үстінен тікұшақпен ақша шашқан екен...

Тегтер: