29 Мамыр 19:06
...

Біздің «БЫВАЛЫЙ»

Фото:

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев туралы сөз болғанда оны жақсы танитындар Леонид Гайдайдың әйгілі «үштігінің» бірін көргендей НЕГЕ езу тартады? Тарқатуға тырысайық.

Нұрлыбек Нәлібаевты Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ інісі деседі. Енді біреулер «баласы» дейді. Мейлі ғой, бір-біріне бөтен емес, әйтеуір. Негізгі айтпағымыз басқа ғой, бірақ «Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс әкімі болып тағайындалуына ағасы Бердібек Машбекұлы араласқан жоқ» деп айтып көріңізші, кім сенер екен?

Нұрлыбек Машбекұлының биографиясын аса бай деуге келмейді. Ол 1976 жылы Қызылорда облысында туған. 1997-2005 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді, ал мемлекеттік қызметке 2005 жылы келді. Келгенде жәй келген жоқ, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып келді. Осыдан кейін-ақ Нұрекеңнің тасы өрге домалап жүре берді. Анығында, «өрге домалатты» деген дұрыс болар...

Қызылордадан «көп шығып көрмеген» Нұрлыбек Нәлібаев 2021-2022 жылдары аз уақытқа ҚР Премьер-министрі кеңсесінде өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болды да, орталықты жатырқаса керек, көп ұзамай кері қайтты. Білетіндер оның осы жолы да «жер тепкілеп», ағасына салмақ салғанын айтады.

Қызылорда облысына әкім болып келе сала Н.Нәлібаевтың басы дауға қалды. Даудың басы – қымбат қолсағат. Әкімнің білегінде жарқ-жұрқ етіп тұрған щвейцариялық Rolex Datejust қолсағатының құны арнайы дүкендерде 10 млн теңгеден асады екен.

Фото: ғаламтордан

«10 млн теңгеден асатын дүниені облыс әкімінің білегі қалай көтеріп жүр екен» деп біз ойланып болғанша әлдекімдер әлгі фотоны монтаждап үлгеріп, әкімнің білегінен қымбат қолсағатты «шешіп» алыпты. Бірақ бір нәрсені ескермеген: олар әкімнің қымбат қолсағатын жанталаса жасырған сайын ол жарқ-жұрқ етіп көз алдымызға келе берді, құны да шарықтап өсе берді. Өйткені ол Forbes тізіміндегі бизнесменнің емес, облыс әкімінің қолсағаты ғой...

Осы оқиғадан кейін көп өтпей, «тұзы жеңіл» Нұрлыбек Машбекұлы тағы да жұртты дүрліктіріп, әлеуметтік желінің алдын бермей қойды. Бұл жолы Алматыдағы атақты қонақ үйлердің бірі The Ritz-Carlton Almaty-да ұлының тойын өткізем деп көзге түсті. Тойда кім жоқ дейсіз, Бердібек Машбекұлынан бастап астаналық һәм алматылық бомондтың бәрі жүр.

Мұны әкімнің «достары» таспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберген. Кейбір деректерге қарағанда, бұл тойға 265 млн теңге жұмсалған.

Айтпақшы, осы оқиғаға байланысты Н.Нәлібаевтың өзі тапсырыс берушілерді анықтамаққа астыртын зерттеу жүргізген көрінеді. Сол үшін орыстілді танымал журналистердің бірін жалдаған. Тапсырыс беруші де осал болмай шықса керек, кейін Нұрекең уәдесінде тұрмай, әлгі «детектив» журналисті «лақтырып» кетіпті деседі.

Сөз басында Леонид Гайдайдың әйгілі «үштігі» туралы айттық қой. Біздің кейіпкеріміз осы «үштіктің» қайсысына ұқсайды деп ойлайсыз? Инеден қорқатын, қымтанып жүретін әлжуаз «Трусқа» (Евгений Вицин) ұқсай ма? Біздің ойымызша, ұқсамайды.

«Трус», «Балбес» және «Бывалый». Фото: ғаламтордан

Әлде көңілді әрі жеңілтек, үнемі мұрнының ұшы қызарып жүретін «Балбеске» (Юрий Никулин) келе ме? Оған да келмейтін сияқты.

Үштіктің лидері, өзі күшті, етжеңді, тікмінез, өмірі қабағы ашылмайтын «Бывалый» (Евгений Моргугнов) қалай? Ұқсастықтар бар ма? «Ұқсайды» деп кесіп-пішсек, Нұрекең өкпелеп қалуы мүмкін.

Бірақ «ұқсамайды» деп тағы айта алмаймыз. Өйткені Гайдайдың «Бывалыйы» да қолсағатқа құмар болған сияқты. Әй, бірақ оныкі біздікінен арзандау болса керек...

Қош, жуырда Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, есеп береді. Дайындығы сұмдық деседі. Біздің білуімізше, ол өзімен бірге Қызылордадан бірнеше журналист әкеле жатыр екен. Мұнысы арзан қулық болуы мүмкін, өйткені өзі жарты сағат баяндама жасаса, қалған жарты сағатты өзімен еріп келген журналистердің сұрағына жауап беріп толтырады. Ескі тәсіл, бірақ сенімді. 

Жалпы, Нұрлыбек Машбекұлына қояр сұрақтарымыз аз емес. ОКҚ қызметкерлері спикерге болысып, кейбір сауалдарды алып тастауы мүмкін. Сондықтан біз Нұрлыбек Нәлібаевтың жеке өзіне де ресми сауал жолдаймыз. Жауаптан жалтармайтын шығар, өйткені ол «Бывалый» ғой...

Тегтер: