28 Тамыз 09:24

Біздегі жарылыстың тротилы – жемқорлық!

Фото:

Қазақстанның әскери бөліміндегі адам өліміне әкелген жаңа төтенше жағдай – әскери қоймадағы жарылыс екі жыл бұрынғы Арыстағы оқиғадан құзырлы орындардың ешбірі сабақ алмағанын көрсетеді.

Сол кезде қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери қоймалардағы оқ-дәрінің қалай сақталатынын түгел тексеріп, қатаң бақылауға алатынын мәлімдеген еді. Тәртіптің қаншалықты күшейгенін кешегі қанды оқиғадан көріп отырмыз.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері бұл жолғы өртке «техника қауіпсіздігін сақтамау немесе қоймада сақталған тұтандырғыш оқ-дәрінің (тротил) өздігінен тұтануы себеп болуы мүмкін» деп жорамалдайды. Отставкаға кету туралы арыз жазатынын мәлімдеген министр Н.Ермекбаев «бұл қасақана диверсия болуы да ғажап емес» деген де болжамын айтты.

Егер өрт әлдекімнің білместігінен немесе міндетіне салғырт қарауынан шықса, соның кесірінен бейбіт заманда әскерилер қаза тапса, онда мұндай әскермен өзімізді қауіпсіз сезіне аламыз ба?

Екі жыл ішіндегі әскери қоймалардағы қос жарылыс қорғанысымыздың қаншалықты қорғансыз күйге түскенін әшкерелеп берді. Осыдан соң «Алда-жалда соғыс бола қалса, мылтық та жоқ, оны да өзіміз сатып алармыз» дейтін ащы әзіл шындыққа айналып, расымен үңгір адамдары секілді таспен атысамыз ба деп те уайымдайсың. Мына қалпымызбен бізге лаңкестер, тәліптерден бөлек, өзіміз өзімізге жау болып шығамыз ғой.

Н.Ермекбаев ортада. Фото: ғаламтордан.

Әлеуметтік желіде «Ядролық қарудан бас тартқанымыз қандай жақсы болған» дейтін мысқыл кең тарап кетті. Мұнымен де қынжыла келісесің. Мынандай жауапсыздық, салғырттық, немқұрайдылық пен жазасыздық елімізді әлдеқашан Чернобыльге айналдырар ма еді, кім білсін?

Министрдің отставкаға кетуі қордаланған проблеманы шешпейді! Өйткені қорғаныс саласын да бүкіл мемлекеттік аппарат секілді әлдеқашан жемқорлық шырмауықша шырмап алған. Погонындағы қалың жұлдызымен бірге беті де қалыңдап кеткен жоғары шенділердің, әскерден қайтқан дембель секілді кеудесіне салпыншақ толтырып алған генералдардың жыл сайын әйтеуір біреуі жемқорлық, парақорлық дауына басы ілігіп жатады.

«Авгийдің атқорасына» айналған жүйені тазалауға Гераклдың саяси күш-жігері қажет!

Бүтін ел қазір әне-міне жарылатын үлкен оқ-дәрі қоймасының үстінде отырғандай. Қай күні, қай жерде не жарыларын бал ашып білуден басқа амал жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі жемқорлық, самарқаулық пен жауапсыздықтан қарапайым ел жапа шегіп жатыр. Оның салдарымен ең алдымен сол халықтың өзі күресуге мәжбүр. Арыстағы ағайынға жұрт біркүндік жалақысын аударды, кеше шымкенттік такси жүргізушілері жарылыстан бас сауғалаған отандасын тегін тасуға шықты.

Арыс. 24 маусым, 2019 жыл. Фото: tengrinews.kz

Ал бұл уақытта мемлекет әскерилер мен полицейлердің көмегімен жарылыс болған жерді қоршап, артық-ауыс ақпараттың шығып кетпеуін қадағалаумен әуре. Бірақ дүмпуі сонау Шымкентке дейін сезілген жарылыстың жаңғырығын «еститін үкіметті» қайдам, ел естіді. Ал осы жағдайда объективті ақпарат таратуды бақылауға алуға әрекеттену, шығып тұрған күннің көзін алақанмен көлегейлеуге тыраштанған секілді қожанасыр қылық.

Кеше Кабул әуежайындағы лаңкестік шабуылдан соң АҚШ президенті бірден мәлімдеме жасады. Және осы шабуылдан қаза тапқан 13 сарбазын аза тұту белгісі ретінде  барлық жерде туларын төмен түсіріп қойды. Ал біздегі сағат санап қаралы тізімі толығып жатқан жарылыс құрбандарын аза тұту туралы шешім тағы кешігіп шыға ма?

Ал бұл кезде мыңдаған көрермен мемлекеттк телеарналардың кешегі жағдайды елеместен кешке концерттік бағдарлама көрсеткеніне наразы. Бізде қазір президент қана емес, қоғам да өзгерген. Уақыт озған сайын, осындай оқиғалар жиілеген сайын қоғамның наразылығы да күшейіп барады. Ел бәрін көріп, біліп отыр. Оны ешқандай ақпараттық вакуум тоқтата алмайды. Билік орындарына деген сенімнің мүлдем селдіреп кеткенін кешегі жарылыс ауданынан қашқан елдің сергелдеңінен, жанармай бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектен байқауға болады. Қарсылық күшейген қоғам бүгін министрдің отставкаға кеткенін ғана емес, оның жазаланғанын да талап етеді. Биліктен болашақта жылдам әрі нақты шешім қабылдауды күтеді.

Қаралы күнде түсірілген мемлекеттік ту. Фото: ғаламтордан.

Арыстағы оқиғадан кейін жапа шеккен жұрттың үй-жайы салық төлеушілердің есебінен қалпына келтірілді. Бірақ ол жерде де жемқорлық пен озбырлықтан біраз адам барлық мүлкіне бірдей өтемақы ала алмады. Олар да күні бүгінге дейін наразы. Ал бірақ Арыстағы оқиға үшін күні бүгінге дейін нақты кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмады. Мұны да жұрт көріп, біліп отыр.  Ел қазір шенеунік атаулыны басының басым бөлігі мидан бұрын, апандай ауыздан тұратын, қанағатсыздықтан қарыны созыла беретін мешкей образында көреді. Қазақстан дейтін үйдің есік-терезесін мереке сайын сырлап қоюмен жөндеу жұмысы бітпейді.  Кезекті жарылыс тағы сол адам факторынан деп өзімізді алдаусырату жақсылыққа жетелемейді.

Саяси іргетасы күрделі жөндеу көрмеген елде әлеуметтік жарылыс қаупі күшеюде. Өйткені ол жарылыстың да тротил, тұтатқышы да сол – жемқорлық болмақ!

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: