22 Қараша 08:17

Бастысы – ниет бар

Фото:
Ташкент саммиті

аймақтық интеграцияның ірге тасын қалай ала ма?

29 қарашада Ташкент шаҺарында Орталық Азия елдерінің президенттері бас қосқалы отыр. Бұл консультативті кездесу деп аталады. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан аймақ мәселелерін талқылап, сауда, транспорт, білім беру және туризм түйткілдерін тарқатпақ. Бұдан бөлек, шекараларда шешілмей жатқан жер дауы тағы бар. «Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасында шешілмеген түйіндер аз емес. Шағын ғана аумақ, оларды да бейбіт түрде шешу керек. Өйткені, қақтығыс болып, адамдар опат болып жатыр», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Саммиттің тағы бір ерекшелігі, оған өңірден тыс мемлекеттердің өкілдері қатыспайды.

Турасын айту керек, «түбі бір, тамырлас елдер қайта айналып қазығын табар» деп, Орталық Азия одағын көксеушілердің көкейіндегісі әзірге арман ғана. Аймақтық интеграция туралы сөз етудің де ауылы алыс тәрізді. Әуелі арадағы алакөздікті реттеу керек. Ең бастысы, бір-біріне өкпесі бар басшылар бұл басқосуда төбе көрсету арқылы бірлікке ниеті бар екенін байқатады. Қазіргі жағдайда мұның өзі жетістікке пара-пар деп баға бергендер де бар.

Бес елдің басшыларының басқосуы басқа емес, Ташкентте өтуінің өзі өңірдегі жылымық өзгерістерді көрсетсе керек. Бұған дейін тас-қамалға тығылып, оқшауланып келген Өзбекстан іргедегі елдерге есігін аша бастады. Ташкенттің сыртқы саясаты, көрші елдермен қарым-қатынасы түбегейлі өзгерді. Шавкат Мирзиёев билікке келгелі осылай. Сан жылдар бойы қазақ көтерген, бірақ қайраңдап тұрған аймақтық интеграция туралы бастамаларға енді өзбектің өзі ұйытқы болып отыр.

Осы орайда айта кететін жайт, Орталық Азия елдері басшыларының бірінші бейресми саммиті былтыр наурыз айында қазақ жерінде өткен. Бұл аймақ басшыларының 13 жылды артқа тастап, бас қосқан алғашқы кездесуі болды. Екінші кездесу 2019 жылдың көктемінде Ташкентте өтуі тиіс еді. Аймақтағы алауыздық оны кейінге қалдыртты. Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы жер дауы, Тәжікстан мен Түркіменстан «Түркіменстан – Ауғанстан – Тәжікстан темір жолы жобасына» байланысты қайшылықтар ушығып кетті. Кейбір елдердің басшылары бірін-бірі көргісі де келмеген. Мұндай жағдайда кездесуді ұйымдастырушы өзбек тарапына да оңайға соққан жоқ. «Кездесу өткізсек, оған барлық президенттер келетін болсын. Онсыз бұл форматтың қадірі кетеді», – деп барынша күш салған.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов Тәжікстан транзитін өзбек жерінен өткізбей, тығырыққа тіреген. Сол кезде Душанбе үшін ауадай қажет болған Түркіменстан – Ауғанстан – Тәжікстан темір жолы жобасын Түркіменстанға ұсынған. Түркімен тарабы келісім беріп, 273 шақырым жол салып үлгерді. Ташкентпен қарым-қатынасы түзелген соң, Тәжікстан өзбек темір жолына және жеңілдігі бар тарифке қол жеткізіп, жобадан мүлде бас тартқан. Алданып қалған Бердімұхамедов бұған жауап ретінде Тәжікстанның Иранға шығатын жолын жауып тастауға пәрмен берді. Бірін-бірі көрместей болған екі елдің басшысын Шавкат Мирзиёев татуластырып, қарашада Ташкентке келемін деген уәдесін әупірімдеп алып қалыпты. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш қатыспақ. Өзбек жағы одан жаңа ұсыныс күтіп отыр. Өйткені, интеграцияны аймақтағы ең әлеуетті ел – Қазақстансыз елестету қиын.

Серіктестікке ұмтылған бұл елдер – өзара бәсекелес те. Сарапшылардың пікірінше, талқыға түсетін өзекті тақырыптың бірі – аймақтың транспорт стратегиясы. Өйткені, бұл салада қарама-қайшылық көп. Айталық, Қазақстан мен Түркіменстанның Каспий порттары бір-бірімен бәсекелес.

Қытайға шығатын темір жолын салу өзбек пен қырғызды араздастырып отыр. Өзбек жағы үміт артып отырған жобаны қырғыз қолдамайды. Қалтасы жұқа Бішкек қаржының тапшылығына сілтейді, өзін-өзі ақтамайды деп, Қытайдан қарыз алудан мүлде бас тартып отыр. Бішкек бұл жол салынар болса, елдің солтүстігі мен оңтүстігін қосқысы келеді. Өзге тараптар бұған қарсы.

Жоғарыдағы мысалдар – аймақтағы мәселелердің бір парасы ғана. Әрине, саммитте арадағы негізгі мәселелер талқыға түседі. Қордаланған түйткілдердің ә дегеннен шешімін табуы неғайбыл. Бірақ кездесу барысында басымдық берілген проблемалар нақтыланып, шешу жолдары қарастырылатын болады. Әйтеуір Орталық Азия елдері аймақ мәселелерін бірлесе отырып шешуге әзір екенін көрсетіп отыр. Мұнысы ынтымақтастыққа ниетті екенін білдіреді.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық интеграцияның көшбасшылары болмақ. Өйткені, бұлар – аймақтағы ең ірі елдер. Адам ресурсы, шикізат көздері, экономика көлемі жағынан алғанда да солай. «Орталық Азиядағы өзге елдерге қарамастан, екі ел экономикалық интеграцияны, одақтастықты арттыра беруі керек. Сонда өзгелері тартыла бастайды. Өзгелер кіргісі келсе, екі ел талаптарымен келісуі тиіс. Орталық Азияның ауызбірлігінсіз әлемдегі алпауыт елдердің саяси экономикалық ықпалына төтеп беру мүмкін емес» деген пікірлерді түрлі тараптан жиі еститін болдық.

Тоқетері, әзірге ағайын елдер «аққу, шортан Һәм шаян» мысалын еске түсіреді. Десе де, бұл басқосу болашақта аймақтық интеграция іргетасының қалануына алғышарт жасауы ықтимал.

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: