Бас прокуратура: Ақтөбе облысы прокурорының заңсыз әрекеттері бойынша тексеру жүргізілді

«Сұйытылған газдың сергелдеңі. Ақтөбе облысында НЕГЕ «жарылыс» болуы мүмкін?» деп аталатын мақала жарияланды. Онда біз Ақтөбе облысындағы газ мәселесіне қатысты кейбір түйткілді мәселелерді таратып бергенбіз.
Тұрақты оқырманымыздың редакцияға жолдаған хатында Ақтөбе облысының прокуроры Марат Қайбжановтың «заңсыз іс-әрекеттері» туралы айтылады. Осыған байланысты біз Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдағанбыз, сауалымызға Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Б.Мажреновтен жауап келді.
«Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 25.01.2022 жылы газ қозғалтқыштарға техникалық және сервистік қызмет көрсетумен байланысты тендер өткізу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС мен «Строительная компания Достық Вест» ЖШС-ның лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).
26.01.2022 жылы Ақтөбе облысының прокуратурасы қылмыстық істі Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағының негізінде тоқтатты.
Алайда, Бас прокуратура Ақтөбе облысы прокуратурасының қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысының күшін 04.03.2022 жылы жойды. Тергеп-тексеру жалғасуда.
«КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс тіркелмеген.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның Ішкі тергеу департаменті Ақтөбе облысының прокуроры М.Қайбжановтың заңсыз әрекеттері бойынша тексеру жүргізді.
Ақтөбе облысының прокуратурасы. Фото: aktobetimes.kz
«ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС-мен байланысты М.Қайбжановтың тарапынан заңсыз іс-әрекеттер және қандай да бір қарым-қатынас анықталмады.
Сондай-ақ М.Қайбжановтың туысы – Е.Қайбжановтың тарапынан заңсыз іс-әрекеттер және қандай да бір қарым-қатынас анықталмады.
Сондай-ақ, М.Қайбжановтың туысы – Е.Қайбжанов шынымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қостанай облысы бойынша директоры болып жұмыс істейді, бұл ретте осы ұйым сұйытылған газды ішкі нарық үшін өткізеді, басқа елдерге таратумен және өткізумен ресми айналыспайды.
М.Қайбжановтың «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС-ға сұйытылған газды тарату бойынша «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС-ға және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға ықпал ету фактілері анықталған жоқ», – деп жауап берді Б.Мажренов.
М.Қайбжанов. Фото: ғаламтордан
Бас прокуратураның жауабына қарағанда, «М.Қайбжановтың заңсыз әрекеттері анықталмаған» және оның «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС-мен қандай да бір қарым-қатынасы жоқ». Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қостанай облысы бойынша директоры Е.Қайбжановтың ағасымен – Ақтөбе облысының прокуроры М.Қайбжановтың арасында туыстықтан бөлек тағы қандай «қарым-қатынасы» бар? Ақтөбе облысында жылда қайталанатын газ тапшылығына кімдер кінәлі? Бұл сұрақтардың әлі басы ашық...
Nege.kz порталы Ақтөбе облысындағы «сұйытылған газдың сергелдеңіне» қатысты мәселені және осыған байланысты қозғалған қылмыстық істі нысанада ұстайды.