15 Маусым 16:48

«Армия-2021» халықаралық форумы: 190 млн теңгелік «ойын-күлкі» кімге керек?

Фото:

Биыл тамыздың 22-28 аралығында Ресейдегі «Патриот» конгресстік-көрмелік орталығында, «Кубинка» аэродромында және «Алабино» полигонында халықаралық әскери-техникалық «Армия-2021» форумы өтеді.

Ресей үкіметі халықаралық форум өткізу туралы шешімді 2019 жылы 19 шілдеде шығарыпты. Әскери форумның мақсаты – ғылыми-техникалық жетістігін, интеллектуалдық қару-жарақтың перспективасын, әскери техника мен технология жаңалығын, заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтарын көрсету. Жалпақ тілмен айтқанда, Ресей билігі көрмеде әскери саладағы жаңалығымен, шығарған өнімімен мақтанады.

Әскери көрменің түпкі мақсаты Ресей әскерінің әл-ауқатын паш етіп, сыртқы жауларына кезекті рет доқ көрсетіп қою екені айтпаса да түсінікті.

Көрме туралы РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың өзі бүй депті: «Тамызда «Армия-2021» халықаралық әскери-техникалық форумы өтеді. Ұйымдастырушысы – РФ Қорғаныс министрлігі. Қарулы күштердің әскери-өнеркәсіптік жетістігін көрсету біздің еліміздің қару-жарақтың халықаралық нарығындағы позициясын бекітіп, Ресей Армиясының имиджін нығайтады...»

Путин мен Шойгу. Фото: ТАСС

Міне, осы «Ресей Армиясының имиджін нығайтатын» халықаралық көрмеге Қазақстан да қатысады. Қазақстан қалай қатысады? Немізді көрсетеміз?

Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, бұл шараға қатысу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы 200 шаршы метрлік экспо-орынды жалға алуға, 200 адамды тамақтандыруға (бірінші және екінші ас, түрлі тәттілер, т.б.), сондай-ақ басқа да көрмеге қажетті керек-жараққа жұмсалмақ.

Біздің көрмеге келушілерді дәстүр бойынша қазақша киінген екі сұлу күтіп алады, экранда Қазақстанның әскери саладағы жетістігін насихаттайтын фильм ойнап тұрады...

Көрмеде Қазақстан әскерінің «шатыры» тігілген жерде ту бие сойылып, тайқазандар асылып, атты жігіттер келген қонақтарға табақ-табақ ет тартып жатса да жарасып тұратын еді, егер әскери салада көрсететін дүниеміз болса.

Шетелде өтетін көрмелерге бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіні, «миллион сомдық ойын-күлкіге» кілең ығай мен сығай қымбат тамақ ішіп, қымбат қонақ үйге түсетіні, келген соң «бәрі тамаша болды» деп есеп беретіні көпшілік үшін құпия болмаса керек.

Ермекбаев пен Шойгу. Фото: ТАСС

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бір білгені болар. Әйтпесе, 190 млн теңге аз ақша емес. Бәлкім, біздікілер орыстарды таң-тамаша ететін дүние ойлап тапқан шығар, кім білсін?!

Біз мұны Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың өзінен сұрап-білуге тырысамыз.

Тегтер: