11 Тамыз 07:09

Арқарлыдағы атыс: Күдебаевтың орынбасарына оқ атқандар анықталды

Фото:

Маусымның соңында Алматы – Өскемен тас жолының бойында Алматы облысы Полиция департаменті бастығы, генерал-майор Серік Күдебаевтың бірінші орынбасары Ержан Оразбековтің көлігіне белгісіз екі адам бірнеше мәрте оқ атқан еді.

«Время» газетінің тілшісі М.Козачков осы оқиғаның мән-жайын таратып жазды.

26 маусым күні полковник Е.Оразбеков пен миграциялық полиция бастығының орынбасары Е.Нұрсейітовтің Range Rover қызметтік көлігі Арқарлы асуының тұсына жеткенде ақ түсті Hyundai Santa Fe қуып жетіп, полицейлер мінген көлікке бірнеше мәрте оқ атқан. Іле-шала «Перехват» жоспары жарияланғанымен, күдіктілерді ізін суытпай ұстау мүмкін болмады.

Басылымның жазуынша, полицейлердің көлігіне кемі 3-4 мәрте оқ атылған. Сынған әйнектен Е.Нұрсейітов жеңіл жарақат алған көрінеді.

Күдіктілерді бірден ұстау мүмкін болмағанымен, Hyindai Santa Fe көліктерін жіпке тізгендей зерттеген полицейлер алғашқы күдіктіні ақыры ұстапты. Ол Қаскелең тұрғыны Темірболат Зейнеденов деген азамат екен.

Күдікті тергеу изоляторына қамалғаннан-ақ екінші күдікті Жандос Садықов әшкере болған. Ол Қарасай ауданының тумасы екен. Ең қызығы, Зейнеденов бұл қылмысқа Алматы облысының әкімшілік полициясы инспекторы Құрманбек Мұсахановтың өтінішімен барғанын мәлімдеген. Әкімшілік полиция майоры оларға 100 мың доллар төлеуге уәде еткен көрінеді.

Алғашқыда іс «бұзақылық» бабы бойынша тіркелгенімен, кейіннен «кісі өлтіруге әрекет жасау» бабына ауысқан.

Бұл істе түсініксіз жайттар көп екені байқалады. Айталық, Зейнеденов «Мұсаханов бастығын өлтіруді емес, қорқытуды тапсырды» дегенімен, күдіктілер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «қаруды мен атқам жоқ» деп мойындамай отыр деседі. Ал Қ.Мұсаханов оларға не себепті 100 мың доллар төлемекші болды? Қорқыту үшін ғана 100 мың доллар төлеу ақылға сыя ма?

Бұдан әрідегі оқиға тіпті шым-шытырық. Мұсахановтан тапсырыс алғанын мойындап, тергеумен келісім жасаған Зейнеденов Мұсахановпен беттестіргенде бұған дейінгі айтқандарынан тайып кеткен. «Тергеушілер қысым жасады, сол себепті Мұсахановқа жала жаптым» депті. Оның үстіне полиция басшылығына қатысты істі ҰҚК немесе басқа орган емес, полицияның өзі жүргізіп жатқаны да біраз ойға жетелейді. 

Кейбір деректерге қарағанда, «тапсырыс беруші» Құрманбек Мұсаханов Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсахановтың туысы көрінеді.

Бәлкім, осы жайт қылмыстық істің тез ашылуына кедергі келтіріп жатқан болар, кім білсін...  

Тегтер: