20 Желтоқсан 16:36

Алматы облысының тұрғындары Баталовқа НЕГЕ сенбейді?

Фото:
Алматы облысының Сарқанд ауданындағы Бақалы ауылдық округіне қарасты Қазыбаев ауылының тұрғындары облыс әкімі Амандық Баталовтан медет күтпей-ақ, өздері ақша жинап, мектеп салып алды. Бұл туралы

Tengrinews.kz хабарлады.

«Облыстың қай түпкірінде қисық шеге жатқанын біледі» дейтін мақтаулы әкім Амандық Баталов өзі «иелік ететін» облыста ауыл тұрғындары жабылып мектеп салып алғанын біле ме? Білмесе айтайық, Қазыбаев ауылында 221 адам тұрады және тұрғындар қажет мектепті өз қаражаттарына салып алыпты. Бұрынғы мектеп әбден ескіріпті, тіпті жамап-жасқауға да келмеген. 

Құрылыс жұмыстарына шамамен 11 млн теңге жұмсалған. Ауыл тұрғындарының бірі мектептің шатырын жауып берсе, енді бірі пеш салып, жарығын орнатқан. Зейнеткерлердің өзі 100 мың теңге жинап, малын жетектеп әкелгендер де болыпты.   

«Бұрын екі мектеп болған. Олардың құрылысы ескі. Біздің болашағымыз – балалар үшін салып берейік деген оймен жасалды. Бүгінде мектеп құрылысы бітіп, қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстары ақсақал бастаған топ, комиссияның бақылауында болды. «Көп түкірсе – көл» деген рас екен. Құрылысты да ауыл азаматтары жасады. Қаржыны көбіне ауыл азаматтары жинады, одан бөлек, көрші ауылдағы адамдар да жинады», – дейді Бақалы ауылының әкімі Арын Күрішбаев.

Ауыл халқы өз күшімен салып алған мектеп. Фото: tengrinews.kz

Мектеп салу жұмыстарын және қаржы жинауға байланысты бес адамнан комиссия құрылған. Оның басшысы ретінде Талғат Байкуришов тағайындалған. Оның айтуынша, комиссияда арнайы есепші болған. Халыққа тұрақты түрде есеп беріліп отырған.  

«Мектеп құрылысы 2019 жылдың 1 сәуірінде басталды. Ескі, суық болатын. Әкім жиналысы болған кезде жаңа мектеп салып беруін сұрағанбыз. Сол кезде көрші ауылдарға тасып оқытамыз деді. Бірақ 0-сынып оқушыларын тасып оқыту қиынырақ болды. Таңертең тұрғызып, одан кейін алып кету оңай емес», – дейді Талғат Байкуришов. 

Ауыл тұрғындары мектепті бір жарым жылда салып бітіріп, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ашыпты. 0-4 сыныптарға арналған мектепте 50-ге жуық оқушы оқиды, 4 мұғалім, 7 қызметкер бар. 4-сыныптан асқан оқушылар көрші ауылға қатынайды. Оқушыларды арнайы автобуспен тасиды. Оның өзіне демеушілер қолдау көрсетіпті. Сонда дейміз-ау, мектепті ауыл тұрғындары өздері салып алса, оқушыларын өздері тасыса, онда әкімдіктің не керегі бар? Әлде халық Баталовқа сенбей ме?

Алматы облысында оқушы саны шамадан тыс көп 100-ге жуық мектеп бар екен. 38 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқып келген. Оқушы саны жылдам өсіп жатыр. Жуық арада тағы 14 мекеме үш ауысыммен оқитын мектептер қатарына қосылуы мүмкін.

Биыл оқу жылы басталатын кезде Әйтей ауылында жаңа мектеп ашылды. Салтанатты жиында Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Майгүл Омарова облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының мақтауын жеткізіп, 23 мектеп салынатынын, оның 17-сі үш ауысыммен оқу мәселесін шешетінін айтқан. 

Мектеп салу мәселесі Алматы облысында қалай шешіліп жатқанын білмекке, Nege.kz порталы Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының атына ресми сауал жолдады. Мақтаулы әкім жауапкершілікті өзгелерге сілтей салмай, өзі жауап берсе дұрыс болар еді. Өйткені облыстың түпкір-түпкірінде қараусыз жатқан «қисық шегелер» көбейіп барады.

Айтпақшы, облыс халқы «Баталов сайлаудан кейін сенатор болып кетеді де, орнына Байбек келеді екен» деп гулетіп жүр... 

Тегтер: