1 Шілде 12:13

Ақорданы «аңдыған» Лю Хаудың қайда жұмыс істейтіні белгілі болды

Фото:

Кеше порталымызды «Ақорданы аңдып жүрген қытайлық Liu Hao «іскер» екен» деп аталатын мақала жарияланған. Іле-шала Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бұрнағы күні жолданған ресми сауалға жауап келді.

Елордалық полиция Қытай азаматының «іскерлік визамен» келгенін, көші-қон тәртібін бұзбағанын мәлімдеген. Осыған орай былай деп жазғанбыз: «Әзірге қытайлық Лю хауды «іскер» деп қабылдаймыз. Өйткені мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ҰҚК де, Президенттің қауіпсіздігіне тікелей жауапты Мемлекеттік күзет қызметі де бұл оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ».

ҰҚК: ҚХР азаматы астанамыздың көрікті жерлерін жеке мұрағаты үшін түсірген

Фото: ғаламтордан

ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.Ахметқалиев: «ҚХР азаматы «Ақорда» мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарының үстінен квадрокоптермен түсірілімді астанамыздың көрікті жерлерін жеке мұрағаты үшін түсіріп алу мақсатында жасаған.

Қытай азаматы Лю Хау «НВР Central Asia» ЖШС инженері болып табылады.

Ол 2021 жылғы 2 сәуірде Алматы қаласына іскерлік сапармен келіп, 9 маусымда жеке мәселелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласына келген.

Оның әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 563-бабы бойынша жауаптылық көзделген», – деп жауап берді.

Тілшіміз Лю Хау жұмыс істейді делінген «НВР Central Asia» ЖШС-ны зерттеп көрді.

China Oil HBP Group 1998 жылы құрылыпты. Мұнай және газ саласы бойынша қажетті құрылғыларды жеткізумен, орнатумен және қызмет көрсетумен айналысады.

Фото: china-hbp.com

Компанияның басты кеңсесі Пекинде және Гонконгта орналасқан екен. НВР-дің отыздан аса 100 пайыздық және толық бақылауындағы еншілес компаниялары бар. Орталық Азияда, Африкада және тағы да басқа елдерде кеңселерін ашқан.

«НВР Central Asia» ЖШС Алматының көрікті жерінде – Достық даңғылының бойындағы бизнес-орталықтардың бірінде орналасқан. Қазақстанда 2017 жылы мамыр айында тіркеліпті. Ашық ақпарат көздеріндегі дерек бойынша, компания басшысы – Тан Зайшенг деген Қытай азаматы.

Компания тіркелген жылы 4 501 985 теңге салық төлесе, 2018 жылы 38 732 042 теңге салық құйған. Одан кейінгі жылдары төленген салық көлемі екі еселеп азая берген: 2019 жылы – 17 414 565 теңге, 2020 жылы – 6 501 946 теңге, 2021 жылы – 977 357 теңге.

Әзірге компанияның қарызы, тыйымы, санкциялары әкімшілік айыппұлдары жоқ. Сондай-ақ компания басшылары да Қазақстанда емін-еркін жүріп-тұра алады. Оларға да ешқандай шектеу салынбаған.

Ал енді «НВР Central Asia» ЖШС-ның біз іздеген «инженері» Лю Хау туралы ештеңе айтылмапты...

Тегтер: