21 Желтоқсан 18:59

Ақордадағы ОПЕРЕТТА. «Дариғаның досы» Президенттің жанында қайдан жүр?

Фото:
Кеше 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында ұлттық экономиканы сапалы әрі орнықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланыпты. Атап айтқанда, кәсіпкерлер макроэкономикалық саясат, соның ішінде жаңа Салық кодексін әзірлеуге және экономиканың нақты секторына қолжетімді несие беруге қатысты пікірлерін ортаға салған.

Фотолар: Ақорда

Мемлекет басшысының ірі бизнес өкілдерімен кездесіп тұруы – қалыпты нәрсе. Президент Қ.Тоқаев бұған дейін де кәсіпкерлермен түрлі форматта бірнеше мәрте кездескен. Алайда осы жолы «Тоқаевтың дәргейінде жүргендердің» арасынан бұрын байқамаған адамдарды көзіміз шалды.

Ең алдымен «арпа ішіндегі бір бидай» ерекше көзге түсті. «З.З.Кузиева» деген аты-жөніне қарап-ақ оның Сенат депутаты Зәкіржан Кузиевтің қызы Замира КУЗИЕВА екенін таныған әріптестеріміз бар екен. 26 жастағы бойжеткен – «Единый Консолидирующий Центр» ЖШСның білдей басқарушы директоры. «Азуы алты қарыс» кәсіпкерлермен президенттің алдында қатар отыру құрметіне қалай қол жеткізгенін ішіміз сезеді. Әкесі президент тағайындаған сенатор болса, өзі «Қазақстан темір жолы» арқылы жүк тасымалдаумен айнасса, оны кім оңай-оспақ дей алады.

Ортада – З.Кузиева.

Мәжіліс сайлауында «теперіш көрдім» деп шағымданған Айбек БАРЫСОВ та топ ішінде жүр екен. Брондалған көлік шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының басшысы сәті түскен сайын Қазақстан билігін сынауға бейім еді. Әсіресе, мен шығарған брондалған машиналарды ала қоймадың» деп, Қорғаныс министрлігін сыбайды да жатады.

«Өз елімізде изгойға айналдық» деп сұхбат бергені кеше ғана еді, Ақордаға кірген кәсіпкерлердің тізімінде жүргеніне қарағанда, «изгойлықтан» құтылса керек. Әлде досы Кеңес Рақышевпен «шәй» десіп қалды ма екен?..

Оң жақтан бірінші – А.Сұлтанғазин.

Бүгінгі мәшһүр тізімдегілердің бірі һәм бірегейі – Алмас СҰЛТАНҒАЗИН. Сұлтанғазин өзін әлгі ортада қаншалықты сезінгенін кім білсін, ал сырт көзге біртүрлі көрінді. Қымбат яхтаның ішінде Дариға Назарбаевамен бірге «День победы» әнін шырқап, тыраңдап билеп жүрген видеосы көзімізге елестей беретіні де бекер болмаса керек. Сол кезде кімді жеңгенін қайдам, әйтеуір басы шалқақ еді. Ал бүгін бүгежектеп қалғандай. Әлде кешегі биді аңсай ма екен?

Данияр ӘБІЛҒАЗИН де көңілсіз көрінді. Әбілғазин Тимур Құлыбаевтың дәуірі жүріп тұрған кезеңде кербез басатын. Жаңа Қазақстанда да оның жалы жығыла қойған жоқ, сірә, бірақ қазір осындай орталарда жоны күжірейіп тұрмайтын болған.

Ортада – Д.Әбілғазин, оң жақ шетте – А.Барысов.

Республикалық физика және математика мектебінің (РФМШ) түлегі, «Нұрлан Қаппаровтың досы», Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің тікұшағымен аңға барғанды ұнататын Берік ҚАНИЕВ те осында екен...  

Ортада – Б.Қаниев.

«Көбелегін жағасына қондырып алып» президентпен кездесулерден қалмайтын Нұрлан СМАҒҰЛОВ туралы әңгіме бөлек. Кезекті Меганың ашылуында ма, әйтеуір экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жағыну үшін «Нұр» деген сөзді нысанының атауына қосақтап жібермек болғаны есте. «Жағынуды қайдан үйренесіңдер осы?», – деген Назарбаевқа сонда: «Өмірдің өзі үйретті», – деп «өткір» жауап берген де дәл осы – Смағұлов.

Ортада – Н.Смағұлов.

«Қара қарғалардың ішіндегі ақ қарғағадай» болып Тимур ТУРЛОВ жүр. Ол өзін мұндай ортада қолайсыз сезінетін сияқты. Өйткені өздерін тісқаққан санайтын әрі жергіліктіміз деп есептейтін Әбілғазин, Смағұлов, Қаниевтер сәті келсе оны мүйіздеп тастауға әсте дайын.

Т.Турлов.

Сөз басында айтқанымыздай, президентпен мұндай кездесулер алдағы уақытта да өте береді. Бірақ «Дариға Назарбаеваның досы», «Кеңес Рақышевтің досы», «Тимур Құлыбаевтың досы» деген тізімді бөлек жасасақ қайтеді осы?

Әлде бұлардың қазір досы жоқ па?    

Тегтер: