11 Желтоқсан 12:32

Ақылы тұрақтың әуресі

Фото:

Алматыдағы ақылы автотұрақтардың операторы «А-Паркинг» компаниясы қанша табыс табатынын және алдағы уақытта ақылы тұрақ бағасын не үшін көтеретінін мәлімдеді.

Тілші қауымын жинаған монополист оператордың өкілдері ақылы тұрақ жүйесі «көліктердің қозғалысын шектейтін әлемдік озық тәжірибе, кез келген қала үшін ауадай қажет дүние екенін» баспасөз арқылы халықтың есіне тағы бір салғысы келіпті. 

«А-Паркинг» директоры Марат Пірінбеков: «Ақылы тұрақтардың басты мақсаты – ақша табу емес, шектеу шарасы. Аавтвокөлік иелеріне де, қала тұрғындарына да бірдей жайлы жағдай жасауды көздейміз», – деді.

Компания басшысының бұлай деуінің астарында не жатқаны аңғарылады. Жеке компанияның қаладағы жалпыға ортақ жерлерді иемденіп, ақылы тұрақ қойып, ауадан ақша жасап отырғаны, пайданың қаланың қазынасына емес, әлдекімнің қалтасына түсетіні бәріне бірдей ұнамайтынын көпшіліктің күңкілінен естіп-біліп жүрміз.

Бұған «А-Паркинг» басшылығының беретін жауабы мынандай: «Компания қазынаға көп салық төлейді. Біз нарыққа келгенге дейін тұрақ мәселесінде тұрақтылық болмады, ал ақшаның қайда кетіп жатқаны белгісіз еді».

Бұл жобаға күні бүгінге дейін 3 миллиард 960 миллион теңге жұмсалыпты. Компанияның 30 пайыздық үлесі Алматы әкімдігіне тиесілі болғанымен, бюджеттен бір тиын алмапты-мыс. Керісінше, 2016 жылдан бастап үш жылда қаланың қазынасына 1 миллиард 700 миллион теңге құйған. «А-Паркинг» директорының айтуынша, осы күнге дейін компания бір тиын да табыс таппаған көрінеді. Бұған көлік тұрағының әр сағаты үшін 500 теңге сұраған компанияның ұсынысын қабылдамай, 100 теңге күйінде қалдырған қала билігі себепші екен. Соған орай жобаның өзін ақтау мерзімі белгісіз уақытқа шегеріліпті. Дегенмен, компания өкілдері «Время» газеті тілшісінің ақылы тұрақ иелерінің көретін пайдасы қанша болатыны туралы тәптіштеп қойған сұрақтарын жауапсыз қалдырды. Оның орнына дифференциалды тариф енгізу мәселесін қайта көтергісі келетіндері жайлы айтты. Компания өкілдерінің сөзінше, ақылы тұрақ 80 пайызға толған сәттен бастап, оның бағасы да көтерілуі тиіс. Бұл да әлемдік тәжірибе көрінеді. Тіпті келесі жылдан бастап көлік көп тұрақта оның бағасын 50 теңгеге қымбаттатып, ал көлік аз тұрақтарда, керісінше, 100 теңгеден 50 теңгеге арзандатуды ойластырып жатыр екен. «НЕГЕ 50 теңге?» деген тілшілер сұрағына компания өкілдері: «Мәселен, 20 теңге жасасақ, ол ыңғайсыз болады. Адамдар ондай тиынды қайдан іздейді. Ондай жағдайда бізге паркоматтарды техникалық жағынан жетілдіруге тура келеді», - деп жауап қатты.

Айтпақшы, қала тұрғындарынан түсетін көп шағымның бірі – паркоматтардың тек тиын қабылдайтыны. Бұл – өте ыңғайсыз. Аппарат тек 50 және 100 теңге қабылдайды. Тиының болмаса  төлей алмайсың, төлемесең – айыпұл арқалайсың. Бұл мәселені «А-Паркинг»  жақын уақытта шеше алмайды. Өйткені паркоматтың күннен қуат алатын аккумуляторының күші артық ақшаңызды есептеп қайтаруға жетпей қалады екен, ал паркоматты электр желілеріне қосу оның иелеріне қымбатқа түседі. Қалада қойылған бір паркоматтың құны 6 мың доллар, ал ақшаңызды есептеп артығын қайтаратын баламасының бағасы – 30 мың еуродан асатын көрінеді.

Дегенмен, дифференциалды тариф туралы бастама әзірге сөз күйінде ғана. Оның үстіне ақылы тұрақ иелерінің ұсынысын қаланың жаңа билігі қолдар-қолдамасы да неғайбыл. Есесіне, «А-Паркингтің» жаңа жылдан бастап ақылы тұрақ абонементтерін сатуды шектеу туралы жоспары елді елеңдетіп отыр. Яғни жекеменшік компания қаладағы тұрақтарға кімдердің көліктерін қоя алатынын өзі жеке-дара шешпек. Мұның артында «тамыр-таныстықтың», «алақанға ақша қыстырудың» құлағы қылтимай ма?  Мәселен, абонементке өтініш жазған адамға: «абонемент бітіп қалды» десе, не істейді? Әрине, тығырықтан шығудың жолын іздейді. Өйткені жұмысының төңірегінде тек ақылы тұрақтар орналасқан адамға сағатына 100 теңгеден төлеу қымбатқа түсетіні сөзсіз. Мәселен 8 сағаттық жұмыс істейтін адам біржылдық жұмыс уақытында тұрақ үшін кемінде 196 мың 800 теңге төлейді екен. Ал қысылған жанды артқы есікте «ебін тапқан, жолын білетін» біреудің күтіп тұрары айтпаса да түсінікті. Ал мұндай қуаяқтардың көлденең табысы қала қазынасын қампайтпасы тағы анық. Мұны құзырлы орындар қаншалықты қадағалай алады? Көңілде дүдәмәл күдік көп. Сондықтан салық төлеушінің ақшасына асфальты төселіп, жөнделетін қала көшесінен «ойып тұрып» орын алып, шлагбаум қойып ақша тауып отырған компанияның «табыс таппаймыз», «тариф көтеруге мәжбүрміз» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отырғаны түсініксіз.

Жалпы ақылы тұрақ төңірегінде ақылға қонбайтын, жұмбақ көп. Бәлкім, «А-Паркинг» компаниясы өкілдері өздерінің қашан және қанша табыс табатынын айтуға қиналып отырғаны да тегін емес болар?

Әділ Ұзақбай  

Тегтер: