19 Ақпан 06:55

Әйтеновке «әй» дейтін ешкім жоқ па?

Фото:

Nege.kz порталында «Шеттен кадр әкелу Әйтеновтің ескі әдеті ме?» деген мақала жарияланды. Онда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің кадрды сырттан әкеліп жатқаны сөз болды.

«Күні кеше ол өзінің орынбасары Бұхарбай Пармановты бұрынғы орнына, дәлірегі  Абай ауданының әкімі қызметіне апарып отырғызды.  Оның орнына Махсұт Исақов елордадан, Президент әкімшілігінен келді. Исақовты Әйтеновтің артынан еріп келген алғашқы кадр десек қателеспеуіміз мүмкін. Естуімізше, орынбасарлардың атқаратын функциялары да өзгеріп жатқанға ұқсайды. Еңбек жолына қарағанда, жаңа орынбасар коммуналдық салаға жетекшілік етуі мүмкін. Ал бірінші орынбасардың креслосы әлі бос тұр...»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ысырапшылдыққа жол бермеу, тиімсіз шығындарды қысқарту туралы тапсырмасынан соң Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің атына да сауал жолдағанбыз. Жауапты Әйтеновтің орынбасары Ербол Садырдан алдық. Садыр ол кезде жай орынбасар еді, жуырда бірінші орынбасар болып тағайындалды.

Маңғыстау облысындағы әріптестері секілді Шымкент қалалық әкімдігі де тиімсіз шығындарды әлі есептемеген. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес талдау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы кезекті нақтылау барысында талдау қорытындысы бойынша оңтайландыруға тиісті ұсыныстар енгізілетін болады» дейді Е.Садыр.

Премьер-министр Асқар Мамин 28 қаңтарда әкімдерге ұсыныс дайындау үшін бір апта уақыт берді. Одан бері үш апта өтті. Премьер-министр Мамин өзінің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын қадағаламай ма, әлде Әйтенов Маминді тыңдамай ма? Екінің бірі. Қайсысы болса да оңып тұрған жоқ, әйтеуір.

Сырғытпа жауап беруді Шымкент қалалық әкімдігі де жақсы меңгеріпті. Е.Садырдың сөзіне сенсек, әкімдік биыл көлік сатып алмайды, ғимараттарын жөндемейді, кеңсе техникасы мен жиһазға да қаржы бөлінбейді.

Дүркіретіп той өткізуді жақсы көретін әкімдік биыл мерейтойлар, түрлі іс-шаралар мен мемлекеттік мерекелерге 253,5 млн теңге бөлуді жоспарлапты. Мұның ішінде Жеңістің 75 жылдығы, ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы бар.

Өткен жылы жалақы қорынан қаржы үнемдемеген облыс, қала әкімдіктерінің ішінде Шымкент те бар екен. «Жалақы қорынан қаржы үнемделген жоқ, қызметкерлердің жалақысы уақтылы және толығымен игерілді» дейді жауапта.

Қала әкімінің және орынбасарларының жалақысы қанша? Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айлығы – 946 612 теңге. Салықты шегергенде, қолына тиетіні – 761 540 теңге. Бізге жауап жолдаған Ербол Садыр 644 879 теңге (521 336) алады екен. Бұл – жай орынбасардың айлығы. Қазір ол бірінші орынбасар. Соған сай айлығы да өскені анық. Қалған орынбасарлар Бұхарбай Парманов, Нұрсадық Ергешбек, Бауыржан Мамыталиев 644-630 мың теңге аралығында жалақы алады.

«Әйтенов ставканы жергілікті кадрларға емес, шеттегі кадрларға жасап отыр» дегенді шымкенттіктердің көбі айтып жүр. Мұның жайы жоғарыда сөз болған мақалада егжей-тегжейлі айтылды. «Әзірге Әйтеновке «әй» дейтін ешкім болмай тұр» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Шынымен де солай ма?     

Тегтер: