10 Желтоқсан 16:19

АӘК өсіре ме, өшіре ме?

Фото:

«Көп қорқытады, терең батырады» деген тәмсіл бар. Кейбір мәселеде үніміздің құмығып шығуы да сол себептен. Кез келген мемлекет халқының санымен бай. Алайда, демографияда серпіліс тудыру үшін мемлекет халқының көбеюіне жағдай жасау қажет.

Бір кездері Ресейдің «Ана капиталы» жобасын неге енгізбеске?» деп шуластық. Тіпті, сол кезде халық қалаулылары да «Оған біздің байлығымыз да, әлеуетіміз де жетеді» дегенді ашық айтатын. Қазіргі депутаттардың «табанының бүрі жоқ» па, ұлт мәселесіне келгенде «сен тимесең, мен тимен».

Қош, соңғы екі жылда көпбаланы аналар, жәрдемақы мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Оған ай мен күннің аманында бес бірдей баласынан айрылып қалған отбасының қасіреті себеп болғаны анық. Елорданың іргесіндегі пәтер жалдап күн кешкен ерлі-зайыптының бес баласы өртке оранғанда, дүйім ел билікке лағынет айтқан. Баспананың жоқтығы мен жалақының мардымсыздығы әке-шешенің күндіз-түні тынбай жұмыс істеуіне итермелеген. Бұл оқиға көпке ой салып, жараның бетін тырнай түсті. Бұдан кейін жер-жердегі ашынған көпбалалы аналар наразылық акцияға шықты да. «Сұрамаған балаға емшек жоқ» демекші, осылайша атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетті талайдың.

21 мың теңге үшін ажырасқандар көп

Елімізде жылдар бойы біреудің босағасын сығалап, баспана тауқыметін тартып жүргендер көп. Үйсіз-күйсіз жүргендердің мәселесін шешу барысында бірнеше бағдарлама қабылданды. Алайда, оған бәрінің қолы жете бермейді. Содан кейін түрлі айлаға баратындар жоқ емес. Тіпті, кейбір ерлі-зайыптылар пәтер алу үшін, үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін қағаз жүзінде ажырасқан. Қазақстан  президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларда ерлі-зайыптылардың ажырасуы күрт көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма бергені есте.

«Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деді.

Соның өзінде бұл көмекті бермеу үшін де түрлі қитұрқы жолдарға барып жатқандар туралы мәлімет көп. Жер-жерлерде көпбалалылардың тұрмыстық деңгейін анықтау мақсатында жұмыс істеген арнайы комиссиялар ата-әжелерінің зейнетақысы мен үйдегі жиһаздарды, тауықтың жұмыртқасына дейін кіріс қатарына есептеп, жәрдемақыны қайткен күнде де бермеудің амалын қарастырғаны наразылық туғызды. Әрине, бұл заң тұрғысынан қарағанда, дұрыс емес. Алайда, олар да заңды шарасыздықтан бұзуға мәжбүр болғанын да ескеру керек. Көптеген отбасының өз шаңырағын шайқалтуына атаулы әлеуметтік көмекті алу басты себеп болғанын бұдан бұрын Шымкент шаһарындағы сот мекемелері хабарлады. Бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түскен көрінеді. Ал әр қалада қанша сот бар екенін ескерсеңіз, еліміз бойынша осы тектес қанша арыз түсетінін бағамдай беріңіз. Қазағы көп, қаймағы бұзылмаған өңірде ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермей жүрген көпбалалы аналар мен мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатқан әкелердің көбеюін алаяқтық әрекетке жатқызуға болмас, сірә! Мұның түбі тереңде. Атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалуына жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің де кінәсі бар. Жыл басынан бері АӘК алуға табысы мен дүние-мүлкін жасырған 73 714 отбасы анықталды. Қазір АӘК  заңсыз алған отбасылар қаражаттарын қайтадан мемлекетке өз еркімен қайтарып жатыр. Артық төленгендерге алдағы айлардың төлемдерінен ұсталады. 

21 мың мемлекетке жүк пе?

Атаулы әлеуметтік көмек – бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Заң бойынша ақшалай атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға, мүгедектерге ғана берілді. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2019 жылғы 1 сәуірден басталған еді. Бұл бойынша отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады. Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді.

Алайда, Үкімет әр балаға 21 мың теңге төлеген аз уақытта шығынға батты ма, әлде мұның тиімсіз екенін түсінді ме, атаулы әлеуметтік көмекті басқаша тағайындауға көшті. Яғни, жаңа заң жобасында 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан төленетін болды.

Ажырасу жөнінен ТМД-да бірінші орындамыз

БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің зерттеуіне сенсек, Қазақстан халқы 2030 жылы – 20 млн 72 мың адам, 2050 жылы – 22 млн 447 мың адам, 2100 жылы 24 млн 712 мың адамға әрең жететін көрінеді.

Тағы бір дерек, соңғы бес жылда 700 мыңнан астам неке қиылып, 200 мыңнан астам неке бұзылды. Бір 2018 жылдың өзінде 138 мыңнан астам неке тіркеліп, 54 мыңнан астам неке бұзылған. Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында, ТМД бойынша бірінші орында тұр. 

Ал ажырасу дерегінің ең көп тіркелген аймағы – Алматы қаласы мен Алматы облысы. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде 3 миллионға жуық қазақстандық баспанаға зәру. Бұл тек ресми статистика. 2018 жыл бойынша 3 мыңға жуық адам кезекке тұрса, оның 1500-ға жуығы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар.

Мақаланың басында Ресейдің «Ана капиталы» жобасын бекер айтқан жоқпыз. Бүгінде Ресей демография саясатын ілгерілету ісінде белсенді әрекет етуде. 2007 жылдан бастап енгізілген «Ана капиталы» жобасы әлі жалғасып келеді. 2016 жылдан бері екінші балаға берілетін әлеуметтік төлем 453 026 рубльге жетсе, үшінші баласы бар отбасы 1,5 млн рубльге қол жеткізді. Ресей президенті В.Путин: «Біз демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпаймыз. «Ана капиталын» да жылдан-жылға өсіреміз. Осы мақсатта алдағы үш жылға бюджеттен қосымша 70 млрд рубль қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ, бала туу кезінде берілетін жәрдемақы өседі», – деп жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ана капиталын» 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде арнайы заң қабылданды. Ал біз әр балаға төленетін 21 мың теңгені көп көрдік. Бұл халықты өсіре ме, өшіре ме, кім білсін?

Динара Мыңжасар

Тегтер: