18 Ақпан 07:02

140 балл жинаған Шөкеев Абылай ханнан қалай асып түсті?

Фото:

«Естімеген елде көп» деген осы шығар, облыс басшысының атына Оңтүстікте айтылған мадақсөз лезде бүкіл Қазақстанға жайылды. Қарапайым халық «Ойпыр-ай, Өмірзақ расында да осындай ма еді?» десіп, таңырқасып жатыр. Таңырқаса, таңырқайтынындай бар, өйткені айтушы облыс басшысының тындырып жатқан тірлігін «Абылай хан мен Ақсақ Темірдің өзі жасай алмады» дегенге келтірген.

Өткен жұма күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халыққа есеп беру жиынын өткізіп, онда былай депті: «Түркістан облысы қайта құрылғалы бері аймақтың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. 2019 жылы облыс бюджеті 561 млрд теңгеден, жыл соңына дейін 778 млрд теңгеге жеткен. Бұл бюджеттің 217 млрд теңгеге немесе 38% өскенін көрсетеді. Бірқатар салалар бойынша республикада көшбасшылар қатарынан көріндік. Жалпы, 2019 жыл – өңір үшін жетістікке толы жыл болды».

Осы көрсеткіштер көңілін көтерді ме екен, әйтеуір облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы былай деген ғой:

– Біз құлақ естіп көз көрмеген тарихи кезеңнің басталуында тұрмыз. Түркістанның бұлай өркендеуі Әмір Темірдің Яссауи бабамыздың басына кесене соққан кезде де, Абылай хан Түркістанды Қазақ хандығының астанасы жасаған кезде де болмаған болуы керек. Түркістан жыл санап емес, күн санап өсіп келе жатыр. Түркістанның жасарып, жаңғыруының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тұр. Мың жылдан кейін де 3020 жылы Ясауи кесенесін Ақсақ Темір тұрғызған десе, Түркістанды тұңғыш облыс етіп оның орталығын Түркістан жасаған Нұрсұлтан деп айтылады. Түркістан мен Нұрсұлтан қазақ тарихына ажырамайтындай болып енгені дәлелді қажет етпейтін дүние. Сол ұлы бастамалар мен үлкен құрылыстардың басында Өмірзақ Естайұлы тұр.

Демек облысты құрып берген Елбасының есімі кемі 3020 жылға дейін жұрт жадынан өшпеуі тиіс. Бірақ «Ұлы бастамалар мен үлкен құрылыстардың басында Өмірзақ Естайұлы тұр» деп есептесек, онда Түркістан облысын бір жыл басқарған Жансейіт Түймебаев түк бітірмеген болып шыға ма?  

Дегенмен біз мұны талдасақ, тым алысқа кетіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан Ақсақалдар алқасының жоғарыдағы бағаны Шөкеевке қалай бергеніне тоқталайық.  Жарылқасын Әзіретбергенұлының сөзіне қарағанда, қаңтар айында қарттар тобы облыс әкімін бағалаудың жолын іздепті. Сөйтіп сауалнама ұйымдастырған. Басты шарт: оған тек қарапайым халық, яғни, егінші, малшы, механизатор, таксист  т.б. қатысатын болған. ҰБТ-ны барлық отбасы білетіндіктен, респонденттерге 140-пен 50 балл аралығында баға беру ұсынылған. Бағалаудың келесі түрі баяғыша – 5-пен 2-нің аралығы. Сонда Шөкеев қандай баға алған дейсіз ғой, 140 балл және 5+. Өмірзақ Шөкеевтің Әмір Темір мен Абылай ханнан «асқан жері» де осы болса керек.

Алайда бұл қаншалықты нанымды? Шөкеев шынымен де «5+» бағасына лайық па? Түркістанға келген соң түлеп сала берді дейтіндей, ол – бозбала емес. Қолынан не келіп, не келмейтінін сан мәрте көрсеткен. Рас, қызметтің сан түрін атқарды. Егер шендінің бағасын істеген қызметінің санымен өлшесек, Өмірзақтың талайдан озары күмәнсіз. Ал нәтижесі ше?

Шөкеевтің «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына төраға болып тұрған кезі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ол Нұрсұлтан Назарбаевқа «мені тыңдамай жатыр» деп шағымданған. Сонда Назарбаевтың бүй дегені жұрт жадында:

«Сен жассың, білімдісің, күшің тасып тұр, саған өкілеттілік берілді, қызметің бар, сен «мені тыңдамайды» деп шағымданбақшысың ба? Сенің аузыңнан бұл сөзді естудің өзі ыңғайсыз екен. Кім тыңдамайды, ал айт? «Самұрық-Қазынада» Өмірзақты кім тыңдамайды?»

Сол кезде Шөкеев жер шұқыған күйі үнсіз қалды. Әрине, жоғары билікте айтылмайтын дүние көп екені рас. Бірақ Әмір Темірдің айбыны былай тұрсын, бойында Абылайдың бір мысқал айбары бар адам, өті жарылып кетсе де, «анауың – анау, мынауың – мынау»  деу керек еді ғой.

Бұл қызметіне дейін Шөкеев агарлық саланы басқарды. Шешініп тастап, фермерлерге шөп тиесіп, көзге түсті. Осы әрекетімен қара жұмысқа да икемді екенін ұқтырды. Бірақ 2018 жылы аграрлық саланы басқарып тұрғанда,  үкімет бөлген ақшаны игере алмай, ұятқа қалды. Басқадай айтсақ, үкіметтің берген қаржысын фермерлерге бермей, обал жасады. Ауыл шаруашылығына жұмсалуы тиіс 10,9 миллиард теңгені ұқсата алмаған «Абылайдан асқан шенді» сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан аямай сөз естіген болатын.

Аграрлық сала дегеннен шығады, Асылжан Мамытбеков «ҚазАгро» мен министрлік тізгінін ұстап тұрғанда, ет экспортын дамыту жөнінде әйдік бағдарлама қолға алынып, шетелден ірі-қара тасу басталды. Үкіметтің миллиардтарын судай шашқан сол жоба ақыры құрдымға кетті. Үміт ақталмады. Мемлекет шығын тартты. Сол тұста Шөкеев Үкімет басшысының орынбасары еді. Қайда жүрсе де, Мамытбековті маңайынан ұзатпайтын Өмірзақ – сол жобаның өміршең екеніне көпшілікті сендіргендердің бірі. Тіпті идея жетекшісі болуы да ғажап емес. Ал енді осы әрекеттен Сіз Шөкеевті Абылай ханға жақындататын қандай да бір белгі байқап тұрсыз ба?

Арыстағы апатты еске алсаңыз, Шөкеев Оңтүстікке құт болып келді деудің де өзі қиынға соғады. Түркістанның әл-әзір гүлденіп, көркейіп, ірі қалалалардың қатарына қосыла қоюы да неғайбыл. Себебі қасиетті Түркістанға қазақ билігі бәрібір Нұр-Сұлтанға бөлгендей қаржы бермейді. Бірақ бұған енді Шөкеевтің қатысы жоқ. Түркістан облысының әкімі – бөлінген ақшаны орнымен жұмсай білсе, болғаны. Құрылыс науқаншылдықпен емес, жанашырлықпен жүргізілуі керек. Өткен жылғы «Комиссиялар жер астынан бір-ақ шықты» дейтіндей оқиғалар қайталанбауы тиіс.  Әлеуметтік желіге тарап кеткен сол бейнебаяннан Нұр-Сұлтаннан келген комиссия көлігінің «брусчаткаға» батып кеткенін көруге болады.  Кейін мұны Түркістан облысының Құрылыс басқармасы мойындап, «көлік жүргізушісі қауіпсіздік шараларын сақтамаған» деп ақталған еді.

Қызығы, бұл басқа емес, мақтаулы Шөкеевтің тұсындағы оқиға. Оның мадақталғанын қызғанып тұрғамыз жоқ. Бірақ ақсақалдардың пайымында «Әмір Темір мен Абылайдан асқан» Шөкеев бір күні, Құрылыс басқармасы құсап, «қауіпсіздікті сақтамаған, кінә бізден емес» деп тұрмаса, болды да.

Тегтер: