22 Сәуір 21:05
...

Бастауыш сынып мұғалімі: Карантинде қарап жатпадық

Фото:
Қазіргі таңда жаңаша талаптарға сәйкес, мұғалім өз біліктілігін үнемі дамытып отыруы тиіс. О

сы аталған талапқа сай келетін ұстаз Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Әл-Фараби атындағы орта мектепте қызмет атқарады.

Бұлбұл Төлеубекқызы 1970 жылы Семей облысы (қазіргі ШҚО) Жарма ауданында дүниеге келген.

Мектепті бітірген соң Алматы жолқұрылыс институтына (УКСДИ) қабылданады. Араға жыл салып педагог болу мақсатында Есік педагогикалық колледжін сырттай оқып бітіреді. Кейінірек Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетін (аталған мамандық бойынша) тамамдайды. Бұлбұл Төлеубекқызының сөзінше 4 оқу орнын аяқтапты, ең қызығы бәрінде ешбір қиындықсыз емтиханнан өтіп отырған екен.

1999 жылы Серік ағамен отбасын құрады, Нұрым атты студент ұлы бар. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы орта мектепте 27 жылдай бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді.

– Бұл мектепке қашан, қалай келдіңіз? Неліктен бастауыш сынып мұғалімі болуды таңдадыңыз?

– 1994 жылдан бастап осы Әл-Фараби орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі боп жұмысқа тұрдым. Мені жұмысқа алған тамаша ұстаз, білікті басшы Бану Тәжібайқызы еді. Ол кісі мұғалімдіктің қыры мен сырын үйретті. Осылай арманымдағы қиындығы мен қызығы бірге жүретін ұстаздық еңбек жолымды бастап кеттім. Негізі, әкем марқұм «қызым, мұғалім болғаныңды қалаймын» деп үнемі айтатын еді.

Әкемнің арманын орындадым, өзімнің де көздегенім осы еді. Мен балалармен жұмыс жасағанды жаным сүйеді. Сондықтан да осы мамандықты таңдадым. Бір естелік ойыма түсіп отыр. Ол кезде қыркүйекте жұмысқа енді орналасқан жас маманмын, маған қараша айында аудандық семинарға сабақ бересің деген тапсырма берілді. Ол кезде бастауыш орыс сыныптарымен бір әдістемелік бірлестікте болатынбыз. Галина Александровна, Зинаида Кирилловна, Галина Ивановна және керемет ұстаз, сол кезде мектептің әдіскері қазақ тілі маманы Гуля Сатыбаевна секілді әріптестерімнің көмегімен аудандық семинарға берген алғашқы сабағым «өте жақсы» деген бағаланды. Қызығы, ашық  сабағым аяқталып, дәлізге шықсам әкем тұр. «Ой, әке, неғып тұрсыз?» дедім сасқанымнан, сөйтсем «қызым, осы бір жауапты сәтте сенімен бірге болайын деп, есіктің сыртынан тілеуіңді тілеп тұрдым», – дейді. Міне, содан бері қанша жыл өтті, бірақ сол көрініс әлі көз алдымда.

– Неше түлек ұшырдыңыз? Оқушыларыңыз қай салаларда жұмыс жасайды?

27 жылдық еңбек өтілімде 168 түлек тәрбиеледім. Алғашқы түлектерім 1986-87 жылғы балалар еді. Түлектерімнің бірі журналист, бірі салық саласында, бірі полицияда, енді бірі дәрігер,бірі аспаз, қандай мамандық бар болса соның бәрінде де оқушыларым қызмет жасап жүр. Қазір алдымда 22 оқушы 1-сыныпты оқиды. Тек қана оқытып қана қоймай, тәрбиесіне де көңіл бөлеміз. Ең қиыны 4 жыл оқытып, енді оң-солын білгенде қолыңнан ұшып кетеді. Әр сыныбымды жіберген сайын жүрегім ауырады.

– Сіздің оқушыларыңыз ерекше дарынды болып шығатыны белгілі. Білім беруде нені басшылыққа аласыз?

– Бастауыш сыныпта білім беруде басшылыққа алатын дүние ол, біріншіден, тәрбие. Дұрыс тәрбие болғанда ғана сапалы  білім беруге болады деп ойлаймын. Тәрбиеге көп көңіл бөлемін, дұрыс киіну, мәдениеттілік, ұқыптылық, тазалық сезімді бала бойында қалыптастыруға көңіл бөлемін, сонда ғана адам бойында жақсы қасиеттер қалыптасады.

 – Мектепте ең алғаш жаңартылған білім жүйесімен оқытуды сіздер бастадыңыздар. Қиындығы мен артықшылығы туралы айтып өтсеңіз.

– Білім беру жүйесінде қандай да бір жаңалық болса, осы мектепте алғаш болып әріптесім  Қанымкүл Оразбекөызы екеуміз алғашқылардың бірі болып бастаймыз. Ең алғаш  оқулықтардың баспасы өзгерді. «Алматыкітап» баспасының оқулығын көріп, үйренгенше  біраз қиналдық. Одан 2016-2017 оқу жылынан бастап ең алғаш білім жүйесіне   жаңартылған бағдарлама енгізілді. Алдымен Талдықорған қаласында жаңартылған білім мазмұны бойынша  дәріс алып, тест тапсырып келдік. Сонымен, 1-сыныпты алдық. Бұл енді біздің үйретіп жүрген дәстүрлі жүйемізден мүлде басқа оқыту үдерісіне көштік. Басында біраз қиындықтар да болды. Критериалды бағалау, күнтізбелік тақырыптық жоспар, күнделікті сабақ жоспары – барлығы бірден өзгеріп, оған қалыптасу оңайға соққан жоқ. Дегенмен алғашқы жылы таңертең сабағымызды береміз, сабағымыз біткен соң ары қарай білмегенімізді үйрену мақсатымен  «Өрлеуден» дәріс  алып келген мамандардан сұрап, кешке дейін мектепте жүретін едік. Қазіргі қарқынды жаһандану кезінде білім беру жүйесінің бұл өзгерісі бекерге емес екенін ұққан секілдімін. Бала өзіне не керек екенін біледі  және  критериалды бағалаудың артықшылығы баланың ойлау қабілетін дамытып, жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Оқушылар мен мұғалімнің арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалымды жетілдіруге бағытталған. Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше әдіс-тәсілдер («Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «5 қадам» т.б.) сабақтың тиімді  өтуіне, оқушы бойына 4 дағдыны қалыптастыруға  өте  жақсы ықпал етеді.

– Карантин кезіндегі оқу туралы не айтасыз? Балаларға білім игертуде қандай шаралар жасадыңыздар?

– Елімізге, жалпы, бүкіл әлемге келген COVID-19 індетіне байланысты карантин жарияланды. Осыған орай өткен оқу жылының 3,4-тоқсанында қашықтан оқытуды да бастан кешірдік. Бұл үрдісті  де басқа түскен соң үйрендік. Қашықтықтан оқыту интернет және теледидар арқылы жүргізілді. Белгілі бір платформаны қолданып, оқушыларға білім беруді онлайн түрде өткіздім. Бұл жаңа форматта сабақ өтуде алғашқы уақытта қобалжу болды. Ұстаз бен ата-ана және шәкірт бірлесе жұмыс жасап, бұл олқылықтың да орнын толтыруға тырыстым. Осы орайда ата-аналарға алғысым шексіз. Балалар берілген тапсырмаларды орындап, кері байланыс беруге үйренді. Әр оқушының қызығушылығына орай әр түрлі тапсырмалар беріп, тіпті өте тартымды да әсерлі видеороликтер де түсірдік.

Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылары және 9,11-сынып оқушылары мектепте білім алуда.

– Оқулықтардың сапасы туралы не айтасыз?

– Қазіргі оқулықтардың сапасы жайлы айтсам, барлығы жақсы жазылған, бірақ 1-сыныптың математика оқулығына өзгеріс енгізілсе деп ойлаймын. Өйткені, оқулықтың мазмұны 1-сынып оқушысы үшін өте күрделі. Оқушылардың жас ерекшелігі ескерілсе екен. Содан кейін сабақтастық жоқ. Мысалы: «Шамалар» бөлімінде барлық шамалар және өлшеу бірліктері қамтылмаған.

– Әріптестеріңіз, ұжым туралы пікіріңіз.

Мектеп ұжымы өте жақсы. Биылғы оқу жылында өте көп жас мамандар келді.

Қазіргі жастар өте пысық, ізденімпаз. Қарасаң көз тоярлықтай. Өз сыныбымда орыс тілі пәнінен Ертаева Азиза, ағылшын  тілінен Атекеева Шырайлым, дене шынықтыру сабағынан Жанәбіл Мейірман сияқты жас мамандар сабақ береді. Әр сабағын түрлендіріп, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, өте қызықты да әсерлі өтеді. Оқушылардың қызығушылығын туғызу үшін көбінесе ойын түрінде өткізеді. Ұстаздық еңбек жолында әріптестеріме, осы жас мамандарға сәттілік және шығармашылық табыс тілеймін.

– Болашақ ұстаздарға ұсыныс-тілегіңіз.

– «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұлы ақын Абай бабамыз. Еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақты оқытуда ерінбей еңбек етіп, ел қамын ойлайтын жас ұрпақ тәрбиелеуде шаршамайық деймін.

Тегтер: