«R.O.I.» тұтыну кооперативі халықты алдап жүр ме?

Nege.kz порталының тілшісі «R.O.I.» тұтыну кооперативінің заңға қайшы әрекетін Қаржы комитеті әшкерелегенін анықтады. Заңсыз ұйымды Орал қаласының тұрғыны Арген Нұржанов басқаратыны белгілі болды.
Павлодар облысында 2019 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келген қаржы пирамидасы жабылды. Тоғыз айдың ішінде бұл ұйым Қазақстанның 14 аймағы мен 17 қаласында 22 өкілдік ашқан.
Кооператив ұйымдастырушылары жұртқа «жылдық пайызсыз қолжетімді баспана алуға көмектесеміз» деп уәде берген. Ұйымға мүше болу үшін әуелі 180 мың теңге көлемінде кіру жарнасын төлеу керек, артынан ай сайын 50 мың теңгеден 10 ай бойына төлем жасауы тағы бар.
«ЖШС қызметі бойынша міндетті кіру жарнасы, әрбір жаңадан тартылған қатысушы үшін бонустардың төленуі, БАҚ-та жаппай жарнама жасау, интернет кеңістікте бір алушыға көптеген жіберушілерден жасалған ақша аударымы сияқты қаржы пирамидасының барлық белгілері көрініс тапқан. Бүгінгі таңда қаржы пирамидасына салымшылардан жалпы сомасы 3,9 млрд. теңге ақшалай қаражат тартылған», – делінген Қаржы комитетінің хабарламасында.
Сотқа дейінгі тексеріс ҚР ҚК 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша жүргізілуде. Арген Нұржановтың кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тексеріс жайлы халыққа белгілі болғаннан кейін Нұржанов салымшыларды тыныштандыруға асықты. Айтуынша, тексеріс кооперативке қатысты емес, тек соның әр кеңсесінде орналасқан R.O.I. Club (минималды құжаттар пакетімен және минималды жалға алу төлемімен тұрғын үй алуға мүмкіншілік беретін тұтынушылар клубы) бойынша жүргізіліп отыр.
Бұл бар болғаны кезекті тексеріс, қорқудың қажеті жоқ, – дейді Нұржанов. Тіпті, істі жүргізіп жатқан тергеуші халықты шулатпай үй мен көліктерін үйлестіруге керек құжаттарды алып кетуге рұқсат берген-міс.
«Біз солай келістік. Олар басқа құжаттарды тексере береді, ал біз беруді жалғастыра береміз. Айтайын дегенім, сабыр сақтаңыздар. Кооперативті көтерген де халық, құлататын да халық. Сот та, тергеуші де, прокурор да емес... Халық жабамыз деп өтініш жазса, онда жабатын да халық», – деді Арген Нұржанов.
Сөйтсе де, кооперативтен шыққысы келетіндерді ешкім ұстамайтын көрінеді.
Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Арген Нұржановтың туысы әрі экс-серіктесі Альбек Киреев «R.O.I.» кооперативін теріс діни көзқарас ұстанушылардың қаржылық пирамидасы деп атаған болатын.
Аделаида Ауеспекова, Нұр-Сұлтан.