Баскесерлер. 33 жыл бұрын төгілген қан
2017 жылы Қарағандыны тосын оқиға дүр сілкіндірді. Егде тартқан ер адам өз аяғымен полицияға келіп, 33 жыл бұрын екі жас әйелді пышақтап өлтіргенін мойындады.
1984 жылы болған қанқұйлы қылмыс Қарағандыны ғана емес, бүкіл республиканы аяғынан тік тұрғызған. Қылмысын мойындап келген баскесер ол кезде бар-жоғы 23 жаста екен. 5 шілде күні 26 және 23 жастағы екі келіншектің үйінде қонақ болған ол түннің бір уағында екеуін де пышақтап өлтіріп, із суытып кеткен. Сол кезде милиция қызметкерлері пәтерден 11 адамның саусақ іздерін тапқан. Оның 9-ын анықтағанымен, екеуі сол күйі белгісіз боп қалған еді.
Бұл оқиғаны зерттеу барысында бұрын жарияланбаған аса қызық жағдайлар мен деректерге тап болдым. Бір қарағанда, әдеттегі тұрмыстық жанжал кезінде жасалған қылмыс сияқты көрінгенімен, қылмыс бұдан да қанқұйлы болуы мүмкін еді.
1984 жылы 5 шілдеден 6-сына қараған түні өз пәтерінде 26 жастағы Гауһартас Шушаева мен 26 жастағы құрбысы Әлима Аяғанованы әлдекім пышақтап өлтіреді. Екеуі қаладағы өндіріс орындарының бірінде жұмыс істейтін. Шушаева – жалғызбасты ана. Сотталған күйеуімен ажырасып, екі баласын өзі тәрбиелеп отырған.
Қысқасы, басы бос әрі жас екі келіншек еркектермен көңіл көтеріп, қалауынша өмір сүріп жатқан. Міне, дәл осы жағдай милицияның қылмысты ашуына кедергі келтірді. Аса ауыр қылмыстардың мерзімі өтпейді, бұл да ашылмаған қылмыс ретінде өткен шақтан «мұра» боп жеткен-ді. Егер 2017 жылы 12 қыркүйекте алпысты алқымдаған Константин Павлович Хурция қылмысын мойындамағанда бұл іс әлі де ауада ілініп тұрар еді. Хурция келіншектердің бірінің ғана атын есіне сақтап қалыпты. Ол – Гуля. Гауһартас Шушаеваны жақындары Гуля деп атаған екен..
«Юбилейный» кинотетры, 80-жылдар
Хурцияны тергеу изоляторына қамаған соң полиция істі қайта көтеріп, тергей бастайды. 1984 жылы бұл іс Қарағанды облыстық прокуратурасының және ІІБ-нің бақылауында болыпты. Жоғарыда сөз болған 9 саусақ ізі түрлі адамдарға тиесілі. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз, Прибалтика флотында әскери парызын өтеп жүрген жас моряк, Қарағанды жоғарғы милиция мектебінің курсанттары, милиция қызметкерлері, тіпті сотталғандар да болған. Сол кезде олардың бәрін тексергенімен бәрінде алиби болған. Тіпті Владимир Викторович Лисин деген біреу «келіншектерді мен өлтірдім» деп келген көрінеді. Бірақ прокуратура тергеушісі істі шұқшия зерттеп, қабыспайтын тұстарын тауып алған. Егер сонда «аш бәледен қаш бәле» деп қылмысты Лисиннің мойнына іліп жіберсе, бұл іс жабылып кетер ме еді, кім білсін. Түрмеге түсуді белгісіз себептермен аңсап келген Лисинді босатқан, бірақ ол көп ұзамай басқа іс бойынша қамалған.
Біршама уақыт өткеніне қарамастан, Константин Хурция бөтен адам білуі мүмкін емес маңызды детальдарды әңгімелеп берді. Бұдан бөлек, анықталмаған екі саусақ ізінің бірі Хурцияға тиесілі болып шықан.
Ол Гауһартаспен сол жылы көктемде «Юбилейный» кинотетрында танысыпты. Жастар үй телефон нөмірімен алмасып, әжік-күжік әңгімелесіп жүрген. Алғашқы кездесуде тек қыдырып қайтқанымен, екінші кездесуде Константин Гуляны үйіне шақырады. Жолай төрт шөлмек «Жигули» сырасын алып, пәтерде ән тыңдайды, билейді, сосын төсектес болады.
Бірнеше күннен соң кешқұрым Гуляның өзі телефон соғады. Трубканы Константин көтереді. Гуля оны үйіне кешкі асқа шақырады. Дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Константин «Жұмысқа шақырып жатыр» деп әйелін алдап, Пришахтинскідегі Гуляның үйіне тартып отырады. Жолай вино сатып алады, романтикалық кешкі астың аяғы тағы төсекте жалғасады. Осылайша екеуі біріне-бірі еш салмақ салмай, қалауларынша өмір сүріп жатады.
Қылмыстық іс құжаттарынан
Қылмыс жасалған күні К.Хурция екі шөлмек арағын қолтықтап, Гуляның үйіне алдын ала телефон соқпай келіпті. Ойы сол баяғы – дәмді ас ішіп, құмарын қандырып қайту. Сол күні Гуля жалғыз емес еді, құрбысы қонаққа келген. Төрт жастағы ұлы да құлдыраңдап ойнап жүрген. Ашынасының айтпай келгеніне алғашқыда таңырқап қалған Гуля көп ұзамай оны дастарқанға шақырып дәмді рагу жеп, арақ ішіп отырады. Хурцияның айтуынша, олар не «Андроповская» не «Пшеничная» арағын ішкен. Арақ тез бітіп қалғандықтан Константин мен Әлима арақ әкелуге кетеді де, Гуля ұлын ұйықтату үшін үйде қалады. Сәлден соң екеуі тағы екі бөтелке арақ әкеледі де, көңілді кеш жалғасын табады. Әбден масайған үшеу түнгі үш шамасында ұйықтамақ болады. Күн ыстық болғандықтан келіншектер өздеріне балконға төсек салып, Хурцияны қонақ бөлмеге жайғастырады.
К.Хурция бұдан әрі не болғанын тергеуде былай баяндапты: түннің бір уағында Ә.Аяғанова оятып, төсектес болуды ұсынды. Мен оны қаламадым, алдымда жалаңаш тұрған келіншекті итеріп жібердім. Ол айқайға басты. Гуляны оятып алмайын деп оның аузын бастым бір мезетте оған қалай пышақ сұққанымды аңдамай қалдым.
Ол Әлиманың арқасына қанша рет пышақ сұққанын нақты білмейді, әйтеуір сұққылай берген. Аффект жағдайында не істегін түсінген қылмыскер Гуля оянып кетпей тұрғанда шаруасын бітірмек болып балқонға барады да, ұйықтап жатқан келіншектің кеуде тұсына екі рет пышақ сұғады. Пәтерден шығарда пышақты қалтасына салып алып, 4 жастағы бүлдіршін ұйықтап жатқан бөлмеге бас сұғады. Қайта баскесердің ойына баланы да өлтіріп кету келмепті. Одан кейін пышақты үй маңындағы суға лақтырып, автобуспен үйіне қайтады. Осылайша ол Гуля мен Әлиманың өлімін ұмыту үшін 33 жыл Пришахтинскіге келмеген...
Алайда тергеушілер оқиғаның басқаша болғанын анықтады. Шын мәнінде Әлимаға қылмыскердің өзі тиіскен. Балконнан сүйреп алып шығып, шешіндіре бастаған. Әлима мас болса да қарсылық танытып айқайға басқан және Константиннің мойнын тырнап алған. Міне, осы сәтте қылмыскер оны белдікпен әлде жіппен қылқындырып, арқасына бірнеше рет пышақ салған. Одан кейінгі кезек Шушаеванікі еді...
Бұл кезде таң атып қалған. Бірақ қылмыскер өзі айтқандай пәтерден бірден кетіп қалмаған. Таңертең Шушаеваның баласы оянады. Әлденені сезгендіктен шырқырап жылаған баланы Хурция әзер жұбатып, тамағын береді. Күні бойы баламен бірге отырады. Түнде бала ұйықтағанда қылмыскер пәтерден шығып кетеді.
Шушаеваның екі баласының тағдыры қалай болғаны маған белгісіз. Қылмыстық істе олар туралы айтылмаған. 2017 жылы Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К.Хурцияны 10 жылға соттады. Гауһартастың туыстары 10 млн теңге моральдық шығын талап еткенімен, қылмыскер 1 млн теңге төлейтін болды. Салыстырмалы түрде қарағанда, қылмыскерге жеңіл жаза тағайындалған. Жаза оның егде тартқан жасына байланысты емес, Қаз ССР Қылмыстық кодексінің талабына сай кесілген.
Хурция бостандықты көре ме, жоқ па, ол белгісіз. Қазір оның жасы 59-да. Ішкілікке салыну мен сырқаты тағы бар. Босап шыққан күнде де екі адамның қанын мойнына жүктеген қылмыскерді әйелі мен бала-шағасы қабылдай қоюы екіталай.
Асқар Жалдинов, «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан.