3 Желтоқсан 15:35
...

Басқарма басшысы қызметінен НЕГЕ кетті?

Фото:

Алматы мектептерінде орын жетіспеушілігі мәселесі талайдан сөз болған. Алайда, жыл сайын жаңа мектеп қатарға қосылып жатса да, түйткіл шешімін таппай отыр. Қазан айының соңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Алматы мектептерінде 30 мыңдай орын жетіспейтінін айтып: «Кейбір мектептің бастауыш сыныбында 40 балаға дейін оқып жатыр» деген еді.

«№173 мектепте бір сыныпта балалар саны 50-ге жеткенін айтты. 5 жыл ішінде бар болғаны 4200 орынды 5 жаңа мектеп салынған. Яғни, жылына бір мектеп қана салынуда. Бұл қанағаттандырарлық көрсеткіш емес. Оқушылар саны өсе береді, сондықтан қажетті инфрақұрылымды қазірден қолға алу керек. Қаладағы 202 мектептің 43-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әкімдікке осы бағытта шұғыл қимылдау қажет», – деген президент.  Сондай-ақ, ол балаларды балабақшаға орналастыру мәселесін шешу қажеттігін де атап өтті.

«Қазір 57 мың бала кезекте тұр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі механизмін пайдаланып мектепке дейінгі мекемелерді ашу қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағыты бойынша денсаулық сақтау және білім беру саласында ешқандай жоба іске асырылмаған. Өзге аймақтар бұл бағытта анағұрлым алға жылжыған», – деді ол. 

Алайда, іле-шала Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Хожабергенова президенттің сөзін жоққа шығарғаны есте. «Президенттің жұмыс сапарынан кейін мектептерге сұрау салдым. Ондай ақпарат расталған жоқ. Бір мектептің екінші сыныбында 44 бала болған, одан көп емес. Сондықтан бұл ақпараттың Президент әкімшілігіне қайдан түскенін білмеймін» деген еді.

«Норматив бойынша, бір класта 25-30 баладан артық болмауы керек. Егер класта 35 баладан көп болса, ол артық салмақ болып есептеледі. Осындай оқушы саны өте көп мектептер саны қалада 15-ке жуық», – деді Хожабергенова. «Қазіргі таңда Алматыдағы оқушылар орнының тапшылығы 30 183 құрап отыр. 2020 жылы МЖӘ аясында 12,9 мың орынға сегіз, әрқайсысы 1640 орындық үш мектеп пен 600 орындық екі мектеп құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл сан, әрине, Алматыдағы балалардың жыл сайынғы өсімінің 14-17 мың екенін ескерер болсақ, орын тапшылығы мәселесін шешпейді, алайда 2025 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасы аясында тапшылықты шешуге тырысамыз», –   деген бөлім басшысы. «Биыл тоғыз мектептің сейсможағдайы нығайтылып жатыр. Бес мектепте жұмыстар аяқталды, екеуінде 2020 жылдың қаңтарында аяқталады, тағы екеуі – көктемде», – деп тәптіштеген ол  қалада 16 мың бала бар 61 жеке мектеп жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

Десе де, таяуда Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы қала әкімі Бағытжан Сағынтаев: «Оның қызметтен кетуіне президенттің пікірін жоққа шығарғаны себеп емес. Ол басқа жұмысқа ауысты», – деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Динара Мыңжасар

 

Тегтер: