Басына пакет кигізіп алып шыққан: Алматыда ер адамды өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды
Алматы полиция қызметі қалада 61 жастағы тұрғынды өлтіру дерегі бойынша төрт күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Бұған дейін әлеуметтік желілерде екі ер адамның көпқабатты тұрғын үйдің баспалдағымен көтеріліп бара жатқаны, сонан соң бірі екіншісін арқалап бара жатқаны көрсетілген бейнежазба тараған еді. Бейнежазбадан ер адамның басына пакет кигізілгенін аңғаруға болады.
«Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды», – деп хабарлады қалалық полиция.
Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылып, тергеу барысын министр жеке бақылауына алғаны хабарланды.