20 Маусым 15:43
...

Бас прокурор да вирус жұқтырған ба?

Фото:

«Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры мен ҚР Бас прокуроры орынбасарының көмекшісі коронавирус жұқтырды» деген дерек жуырда Nege.kz порталында жарияланған.

Іле-шала портал редакциясы атынан ҚР Бас прокуратурасына сауал жолдадық. Онда мынадай сұрақтар болды: Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры мен ҚР Бас прокуроры орынбасарының көмекшісі коронавирус жұқтырғана рас па? Бас прокуратура мен Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан неше адам оқшауланды? Вирус анықталған жағдайда мекеме карантинге жабыла ма? Бас прокурордың денсаулығына қауіп жоқ па?

Бас прокуратура кейбір министрліктер мен әкімдіктер сияқты сағызша созбай, сауалдарымызға едел-жедел жауап бергенін айтуға тиіспіз. Өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментінің бастығы Р.Құттықовтан мынадай хат келді:

«Сіздің 2020 жылғы 16 маусымдағы №3ПР-85/20 сұрауыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз.

Бүгінгі күні инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында және Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес, прокуратура қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылған.

Аталғанға қарамастан, прокуратура органдарының жұмысы әдеттегідей толық көлемде жүргізілуде.

Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 95-бабына сәйкес, медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығы, оның ауруы диагнозы және оны қарау мен емдеу кезінде алынған басқа да мәліметтер медициналық құпия болып табылады.

Осыған байланысты Бас прокуратураның мұндай ақпаратты жариялауға құқығы жоқ».

18 маусымда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Премьер-министр А.Мамин оқшауланып, үкіметтің бірнеше мүшесі дертке шалдыққанын естіп-білдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жиі тест тапсыратынын баспасөз хатшысы хабарлады. Осы орайда Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің де денсаулығына алаңдауымыз заңды деп білеміз.

Алайда Нұрдәулетовтің денсаулығына байланысты нақты сұрағымызға департамент басшысы Р.Құттықов «иә» не «жоқ» демей жақаурата жауап беріп, «құпиялап» қойғаны түрлі ойға жетелейді. Әлде Бас прокурордың денсаулығына қатысты дерек Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысының денсаулығы жайлы мәліметтен маңыздырақ па?  

Тегтер: