7 Ақпан 19:50
...

Бас прокуратура «Дикий Арманға» байланысты мәлімдеме жасады

Фото:

Бүгін ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, Қаңтар көтерілісіне қатысты тергеу жұмыстарын баяндады. Оның айтуынша, еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру күдігімен 467 адам қамауға алынған.

«Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы терроризм актісі мен жаппай тәртіпсіздіктерді тергеуді жалғастыруда. Жұмыстар 8 өңір бойынша, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүргізілуде. Себебі дәл осы аймақтарда адамдар өлімдері орын алды. Мемлекеттік және жеке нысандар қиратылып, өртелді», – деді ол

Оның атап өтуінше, бір айдың ішінде ведомствоаралық топ ауқымды көлемде тергеу жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ ол «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты тосын мәлімдеме жасады. Нақтырақ айтсақ, криминал авторитет саналатын азаматтың тобы 24 бейбіт тұрғынды ұрлап әкетіп, күштеп ұстаған көрінеді.

«Қазіргі таңда 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 адам ұсталды. Олардың қатарында «Дикий Арман» лақап атымен танымал – Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар.

Бұл  туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған.

Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған», - деді Ризабек Ожаров.

Сондай-ақ ол қазір Арман Жұмагелдиев Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын ескертті.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Жұмагелдиев босатылды» немесе «оны белгісіз бағытта алып кетті» деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таратылуда. Егер басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқанын ресми түрде хабарлаймын. Қазіргі кезде арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алды. Ал Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды», – деді Ризабек Ожаров.

Тегтер: