29 Наурыз 15:02
...

Бас мүфти қаңтар көтерілісінде қайда болғанын айтты

Фото:

Кеше Орталық коммуникациялар алаңына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы келіп, Рамазан айына дайындық туралы айтты.

Nege.kz тілшісі бас мүфтиден қаңтар көтерілісі кезінде қайда болғанын сұрады. Себебі әлеуметтік желіде «Наурызбай қажы Тағанұлы Қаңтар көтерілісі кезінде Дубайда демалып жатты» деп гуілдеткен еді. Алайда бас мүфти мұны жоққа шығарды.

«Біз қаңтар көтерілісі кезінде емес, 4-і күні түнгі уақытта қасиетті Мекке қаласына кеттік. Біз ол жаққа барғаннан кейін елдегі жағдайды біліп, қайтадан 7-сі күні елге келдік. Айтылып жатқан әңгімені мен де естідім. Бірақ біз, әрине, елде осындай жағдай болып жатқанда ешқайда кетпейміз. Елмен бірге боламыз. Тіпті 4 күні әуежайдан ұшып бара жатып, халқымызды сабырлыққа шақырып, өзімнің үндеуімді жариялаған болатынмын.

Біз ол сапарды алдын-ала бір ай бұрын жоспарлағанбыз. Демалыс кездерінде Мекке ашылғаннан кейін құлшылық жасап келуге 5 күндік сапарға шыққан едік. Бірақ, өкінішке қарай, елдегі жағдай тұрақсыз болғаннан кейін қайтып келуге мәжбүр болдық. Қайтып келіп елімізбен, халқымызбен бірге болдық.

Бірақ дегенмен тағы да қайталап айтып кетуім керек, біздің имамдарымыз қаңтар оқиғасы кезінде халықтың алдына талай жерде шығып, халыққа басу айтты. Аллаға шүкір біраз жерде біздің имамдарымызды тыңдап, жұрт тарқаған кездер болды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әрқашан халықтың қуанышында да, қайғысында да бірге жүргені баршамызға белгілі. Біз соңғы шыбын жанымыз қалғанша халқымызға қызмет етеміз», – деді ол.

Қаңтар көтерілісі кезінде имамдардың ұстанымын жұрт түрліше қабылдады. Мысалы Қарағанды қалалық «әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы халыққа алаңға шығуға болатынын айтып, үндеу жасаған еді. Кейін бұл ойынан бас тартып, халықтан кешірім сұрады.

«Мен, Қабылбек Жұбай Әліпбайұлы, 2022 жылдың 4 қаңтары күні елімізде болған оқиғаға байланысты айтқан видеоүндеуіме қатысты төмендегідей баяндағым келеді. Өзім елде болмауыма байланысты, яғни кіші қажылықта іссапарда жүргенімде халықтың көшеге шығып, еліміздің ахуалына қатысты үндеулерін көрдім. Алайда, соңына дейін қарай алмадым, сол себепті асығыстықпен айтқан бұл видеоүндеуімді таратпауларыңызды сұраймын», – деп ақталды ол.

Байқағандарыңыздай, Қабылбек Әліпбайұлы да бас мүфти секілді Мекке қаласында болған көрінеді. Сондай-ақ елдегі дүрбелең кезінде экс-президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен бұрынғы депутат Бекболат Тілеуханның да Дубайда болғаны айтылды. Соңғы аты аталған екі азаматты жұрт арасында салафизм ағымын таратушы деседі.

Тегтер: