Бас қаланың әкімі басқалардан аз айлық алады

Nege.kz порталы 29 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атына ресми сауал жолдаған. Сауалдарымызға Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары Н.Серікбеков жауап берді.
Ірі қалалар мен облыс әкімдеріне жолданған хатқа көбіне әкімнің орынбасарлары немесе аппарат басшылары жауап беретін. Көлгіновке жолданған хатқа оның орынбасары емес, басқарма басшысының орынбасары жауап бергеніне еш ренжігеміз жоқ. Бастысы – жауапта нақты дерек бар. Әкім мен оның орынбасарларының «қар күреуден» қолдары босамай жатқан шығар деп түйдік. Сонымен, басқарма басшысының орынбасары не дейді?
Мемлекет басшысы әкімдер мен министрлерге бюджеттің тиімсіз шығындарын қысқарту жөнінде тапсырма берді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бұл тапсырманы қалай орындады?
«2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджетті қалыптастыру кезінде консалтингтік қызметтерді сатып алуға және әлеуметтік зерттеулерге жұмсалатын шығындар 1,5 есеге азайтылды, сонымен қатар имидждік іс-шараларды 1,5 миллиард теңгеге дейін оңтайландыру шаралары жүргізілді» дейді жауапта.
«Қала әкімдігі биыл көлік сатып алуға қанша қаржы қарастырып отыр және қанша көлік (маркасы) сатып алмақ?» деген сұрағымызға былай деп жауап беріпті: «2020 жылда әкім аппаратының бюджетінде көлік құралдарды сатып алуға қаражат қарастырылмаған және көлік құралдарын сатып алу жоспарланбаған».
Егер биыл көлік сатып алу жоспарланбаса, Көлгіновтің қызметтік көлігі әзірге жарап тұр деген сөз. Бас қала әкімдігінің ғимаратын жөндеуге де биыл шығын шықпайды екен. Қала әкімінің креслосы мен жиһазы да жаңа сияқты. Өйткені 37174,0 мың теңгеге сатып алынатын 25 желілік коммутаторды есептемегенде, жаңа жиһаз сатып алу жоспарда жоқ.
Биылғы жылы Нұр-Сұлтанда 70-тен аса іс-шара өтеді: мерейтойлар, мемлекеттік мерекелер, елорда күніне арналған шаралар. Басқарма басшысының орынбасары іс-шаралардың санын айтқанымен, қанша қаржы жұмсалатынына келгенде «тілін тістеп» қалыпты. Қала әкімі үшін ең «талмау тұс» осы болса керек, сірә. Аста-төк той, мерекелер, түрлі форумдар шығынын қысқарту жөніндегі президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын А.Көлгінов қалай орындайтынын Nege.kz порталы назарда ұстайды.
Қала әкімдігі өткен жылы жалақы қорынан 6,3 миллион теңге үнемеген. Ал енді «Қала әкімі мен оның орынбасарлары қанша жалақы алады?» деген сұрағымызға Н.Серікбеков: «Бұл ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің ресми-интернет ресурсында жарияланған» деп жауап берді.
Көрсетілген сілтемеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов пен оның орынбасарларының жалақысы көрсетілген. Көлгіновтің айлығы – 771 007 теңге.
Еңбек өтілі, тәжірибесі, жастығы есепке алынса керек, сірә, бас қала әкімінің айлығы басқалардан аз екен...