5 Мамыр 10:32
...

«Бармақ басты, көз қысты». Ақтөбе облыстық прокуратурасында не болып жатыр?

Фото:

Наурыз айының соңында Ақтөбе облыстық прокуратурасындағы келеңсіздіктер туралы «Сұйытылған газдың сергелдеңі. Ақтөбе облысында НЕГЕ «жарылыс» болуы мүмкін?» деп аталатын зерттеу мақала жарияланған. Онда облыс прокуроры Марат Қайбжановтың «заңсыз іс-әрекеттері» туралы сөз болады.

Ақтөбе облысында сұйытылған әлеуметтік газдың контрабандалық жолмен Ресейге сатылғаны, 16 компанияның үстінен тексеру жүргізіліп, оның 14-іне айыппұл салынғаны әшкере болған.

Осы тізімде «КС-А/Кепіл Сапа-А» ЖШС деген бар екен. Бір қызығы, бұл ЖШС-ның Ақтөбе облысының прокуроры Марат Қайбжановтың туған бауыры Е.Қайбжановқа қатысы бар болып шығады. Е.Қайбжанов – «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қостанай облысы бойынша филиалының директоры. «Қайбжановтарға қатысы бар» делінген компанияның «судан таза, сүттен ақ» болып шығуының себебі облыстық прокуратураның көзжұмбайлығынан емес пе?

«Ақтөбе облыстық прокуратурасында былық көп» дейді өңірдегі тұрақты оқырмандарымыздың бірі. Мәселен облыс прокуроры М.Қайбжановтың өзі «қызметке толық сәйкес емес» деп ескерту жасаған Нұрбек Тұрышев қазір облыстық прокуратураның ішкі қауіпсіздік қызметін басқаратын көрінеді.

«Ақтөбе облысының прокуратурасында кадр саясаты әбден тұралаған. 2021 жылы қазан айында облыс прокуратурасының ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы болып Нұрбек Тұрышев тағайындалды. Бұған дейін ол облыстық прокуратура басқармаларының бірінде прокурордың көмекшісі болып жұмыс істеген.

Құрмет тақтасындағы Н.Ш.Тұрышов.

Кейін белгілі болғандай, Н.Тұрышев Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Айбек Тұрышевтің туған бауыры болып шықты. А.Тұрышев бұрын Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментін басқарған. Ол осы лауазымды атқарып жүргенде қарамағындағы қызметкерлері 110 мың доллар пара алып, А.Тұрышев қызметтен қуылған еді.

А.Тұрышев ҚП Бас көлік прокуратурасында қызмет етіп жүргенде тамыр-таныстар тапқан болуы керек, туған бауырын Ақтөбе облыстық прокуратурасының ішкі қауіпсіздік басқармасына басшы етіп қойғызды. Ешқандай конкурс өткен жоқ, Н.Тұрышовтың тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны да ескерілмеді», – дейді редакцияға жолданған хатта.

2018 жылы қараша айында Ақтөбе облысының прокуроры М.Қайбжанов облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Н.Ш.Тұрышовқа тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарады.

«Облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасымен 2018 жылдың І тоқсанында ірі кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы мәселесі бойынша тексеру жүргізілген.

Тексеру өндірісі облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Н.Ш.Тұрышовқа тапсырылған.

Қызметтік тергеумен Н.Ш.Тұрышовтың іс-әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық белгілері көрінеді, яғни сапасыз тексеру жүргізу, қадағалау актілерінде бұзушылықтарды көрсету және әкімшілік жауапкершілікке кінәлі тұлғаларды тарту бойынша шаралар қабылдамау арқылы заңды тұлғаға («Восток нефть и сервисное обслуживание» ЖШС) заңсыз артықшылықтар көрсеткен...», – дейді облыс прокуроры М.Қайбжанов.

М.Қайбжанов.

Осылайша облыс прокуроры М.Қайбжанов қарамағындағы қызметкері Н.Ш.Тұрышовтың «тәртіптік теріс қылықтарын» тізіп келеді де, былай деп бұйырады: «1. Сапасыз тексеру жүргізгені және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны үшін ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 50-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, Ақтөбе облыстық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры 1-дәрежелі заңгер Нұрбек Шампанұлы Тұрышовқа «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жариялансын.

2. Осы бұйрықпен облыс прокуратурасының барлық қызметкерлері таныстырылсын».

«Қызметіне толық сәйкес емес» деп танылған Н.Тұрышов қалайша облыстық прокуратураның ішкі қауіпсіздік қызметіне бастық болып шыға келді?

Редакцияға жолданған хатта мұның жайын былай деп түсіндіріпті: «Жемқорлық заң бұзушылық фактісі Тұрышовтың ішкі қауіпсіздік қызметін басқаруына мүмкіндік бермеуі тиіс еді. Оның үстіне жемқорлық құқық бұзушылықтың мерзімі толық өтелген жоқ. Алайда облыс прокуроры Марат Қайбжанов пен ҚР Бас прокуратурасының ішкі қауіпсіздік департаментінің басшысы Еркін Айтқұлов ештеңеге қарамастан Н.Тұрышовты осы лауазымды қызметке тағайындап жіберді».

Бұл не сонда? «Бармақ басты, көз қысты» әрекет пе? Әлде қадағалаушы органда кадр тапшы ма? Ішкі қауіпсіздік қызметін «қызметке толық сәйкес емес» адамның басқарғаны қалай?

Бұл сұрақтардың жауабын ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтан күтеміз.          

Тегтер: