Барлық ресурстар жұмылдырылады
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирусқа байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілуіне орай қазақстандықтарға үндеу жасады.
Алматы, NEGE. «Бүгін Мемлекет басшысы төтенше жағдай режімін енгізді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл бұрын болмаған, бірақ өкінішке қарай мәжбүрлі қадам саналады. Эпидемия басталған сәттен-ақ қатаң шаралар қабылдаған елдер аурудың таралуынан айтарлықтай бәсеңдеткенін тәжірибе көрсетіп отыр. Президент қаулысында енгізілетін шектеу шараларының тізімі болғанына қарамастан, азаматтар жаңа жағдайда өмірлерінің мұнан ары қалай болатындығын сұрап көптеген сұрақ қоюда. Осыған қарай төтенше жағдай режімі барынша қатаң шараларға қарамастан елдің экономикалық өмірін толықтай тоқтатып тастауға бағытталмағанын атап өткім келеді», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Мәселен, оның атап өтуінше, бүкіл ел аумағындағы азық-түлік дүкендері, супермаркеттер және олардың қоймалары штаттық режімде жұмысын жалғастырады. Сондықтан азық-түліктің барлығын сатып алып кетеді деп қорқудың және дүрбелең жасаудың қажеті жоқ. Балабақшалардың жұмысында да іркіліс болмайды.
«Ертең Мемлекет басшысы Үндеу жасап, нақты тапсырмалар беретін болады. Содан кейін күні бойы мемлекеттік органдар өз салаларында, айталық, жұмыс кестесін ұйымдастыру, азық-түлік қауіпсіздігімен және медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, медициналық мекеме жұмыстарын үйлестіру, ел ішінде жүріп-тұру бойынша шаралар мен нұсқаулықтар әзірлейтін болады. Төтенше жағдай режімі - бұл қозғалмайтын санат емес. Көптеген шара жалпы эпидемиологиялық жағдайға байланысты күшейтілуі немесе алынып тасталуы мүмкін. Халық үшін енгізілген шараларға түсіністікпен қарауға үндеймін. Елдің барлық ресурсы аурумен күреске жұмылдырылатын болады», - деді Дәурен Абаев.