Барыс жылғы шоу-бизнестің «қызығы» мен «шыжығы»
NEGE тілшісі солардың ел аузынан түспегендерін тізбектеп көрген еді.
Вайнерлердің шатағы
Сәуір айында сот танымал вайнерлер Мейіржан ТӨРЕБАЕВ пен Мейірхан ШЕРНИЯЗОВТЫ «Mudarabah Capital компаниясымен бірлесіп, қаржы пирамидасын құрды» деп айыптап, қамауға алды. Бұл жағдайға қаржылық пирамиданың құрбаны болдым деген әйелдің көшеде өзін өртеп жібергені себеп болды. Оқиға қоғамдық шу тудырып, көп ұзамай вайнерлер компанияға қатысы бар деген айыппен заң алдында жауап беруге мәжбүр болды.
Аталған іске белгілі адвокат Абзал ҚҰСПАН да араласып, пікір білдірді. «Вайнер Мейіржанның адвокаты да, туысы да, танысы да емеспін. Ортақ та таныстарымыз жоқ екен» деген ол фейсбук парақшасында: «Мейіржанның іс-әрекеті жарнамамен шектелген, болды. Басқару немесе құру жұмысына қатысы жоқ. Біреулер ЖШС-ның құрылтайшылығы мен қатысуды шатастыруда», – деп жазды.
Жуырда ғана вайнер сегіз айға созылған тергеуден соң үйқамаққа шықты. Сондай-ақ Төребаевқа мекен жайын ауыстыруға, әлеуметтік желіні пайдалануға, журналистермен тілдесуге тыйым салынған.
Shiza-ның шуы
25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» мен Shiza-ның бірлескен концерті өтті. Кеш барысында топ мүшелері мемлекеттік туды қорлап қана қоймай, сахнада балағат сөздер айтқан.
Анығын айтар болсақ, әнші Асхат ЖОЛШИЕВ қолындағы туды көрермендерге лақтырып жіберді. Бұдан соң: «Бізде бәрі жақсы, кешіріңіздер, ондай-ондай болып тұрады. Это оказывается административный штраф», – деді.
Мұны көрген желідегі көпшілік әртістердің жауапқа тартылуын жаппай талап етті. Сондай-ақ Shiza-ның Түркістан қаласына 4 маусымға жоспарланған концерті тоқтатылды. Бұдан соң әнші әрекетіне байланысты өкінішін рэп арқылы жеткізіп, көпшіліктен кешірім сұрады.
Төреғалидың тентектігі
Тентек Төреғали ТӨРӘЛІНІҢ басы биыл да дауға қалды. Әнші «гид жігітті себепсіз соққыға жықты» деп айыптады. Әлеуметтік желіде бет-аузы қан-жоса болған жігіт пен оны балағаттаған Төреғалидің видеосы әп-сәтте тарады. Оқиға 28 қыркүйек күні Алматы облысындағы Көлсай көлінде болған.
Ел арасында шу тудырған бұл оқиғадан соң құқық қорғау органы тарапынан тексеру шаралары басталды. Алматы облысы ПД басшысының тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүктелді.
Көп ұзамай әнші инстаграм парақшасына әлгі гид жігітпен бірге түскен суретін салып: «Ер шекіспей, бекіспейді» деп Бекарыс бауырымызбен мәмілеге келдік. Қарапайым адамға да, өнер адамына да ортақ республикамыздың заңымен құзырлы органдардың тексерісінен өтіп, ресми бітімге келдік. Сүрінгенде сүйеу болған, түңілгенде тіреу болған алаш жұртына көп рахмет», – деп айыбы үшін көптен кешірім сұрады.
Десе де Төреғали тентектігін тимайтын кейіп танытып, парақшасында «17 облысында қазағымның, Көрсетер қызықтарым тағы да бар» деп өлең жолдарын жазды. Сөйтіп, арада ұзақ уақыт өтпей желіде Қайрат НҰРТАС екеуі «біртүрлі» қылқтарымен көзге түсті. Жұрт жаппай екеуінің арасында «бірдеңе бар» десті. Тіпті, ЛГБТ ұйымының мүшелері екеуін қатарларына қосылуымен құттықтады.
Тыңдарманның ұйқысын ұрлаған ән
Барыс жылы сахнаға соны леп келмеді дей алмаймыз. Соларың бірі – «Ұйқым келмейді» әнімен танылған – Алина ШАКИЕВА. Ресейден оралған қандасымыға Рамазан АМАНТАЙ күлкіге толы өлең жолдарын жазып беріп, бір-ақ күнде жұлдызын жаққан. Ән Қазнетке жүктелген алғашқы төрт күн ішінде миллионнан аса қаралым жинап, мыңдаған пікірге ие болды. Ал Facebook, TikTok, Instagarаm әлеуметтік желілерінде трек туралы әзілге негізделген түрлі мемдер тарады. Тіпті, дәстүрлі әнші Ерлан РЫСҚАЛИ да қоғамда үлкен шу туғызған туындыны қазақи нақышта домбырамен орындап шықты.
Шоу-бизнестің біздің назарымызға іліккен бірді-екілі «қызығы» мен «шыжығы» осы болды. Алдағы жыл бұдан да қызық болады деп сенеміз.