«Барыс» елордада «Cалават Юлаевқа» есе жіберді
Құрлықтық хоккей лигасы аясында «Барыс» бүгін елордада Ресейдің «Cалават Юлаев» (Уфа) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Екі команда бұған дейін биылғы турнирде үш мәрте кездесті. 2020 жылдың 12 қазанында Уфада өткен ойында «Барыс» овертаймда 3:2 есебімен басым түссе, 22 қарашада «Cалават Юлаев» 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 14 қаңтарда елордада өткен матчта ресейлік клуб 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сондықтан бүгін «Барыс» есе қайтаруға күш салатыны анық еді. Бірінші кезеңде елордалық хоккейшілер жинақы қимыл көрсетті. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 3-минутта Кирилл Панюков «Барыс» командасын алға шығарды. Ал 12-минутта Никита Михайлис мергендігімен көзге түсті. Есеп 2:0. Қазақстандық клуб алға шықты. Екінші кезеңде «Cалават Юлаев» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен ойлаған мақсатына жете алмай жатты. Есесіне олардың сапынан төрт хоккейші мұзайдындағы дөрекі қимылына байланысты айыппен жазаланды. Үшінші кезеңде ресейлік хоккейшілер қатарынан екі шайба соғып кетті. Алдымен Филип Ларсен 50-минутта гол соқса, 51-минутта Сакари Маннинен таразы басын теңестірді. Негізгі кезеңде екі команда 2:2 есебіне қанағат білдірді. Ойын овертаймға ұласып, жеңіс шайбасын «Cалават Юлаев» ойыншысы Александр Алексеев соғып кетті. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Енді «Барыс» елордада 1 ақпанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасын қабылдайды.