«Бәрі айтуға қорқатын шындық»: Ауыр атлеттің өліміне кім кінәлі?
Жуырда қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдер өмірден өтті. Турасын айтсақ, өз өзіне қол жұмсады. Зілдей темірді бағындырған білекті азаматтың жүрегі нені көтере алмағаны әлі белгісіз.
Қаралы хабар жайлы Қазақстан ауыр атлетика федерациясы: «Альберт – жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Универсиада жеңімпазы әрі рекордшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол табандылық, тәртіп пен өз ісіне деген сүйіспеншілік арқылы қандай керемет жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын көрсетті», – деп хабарлады.
Альберт Линдер 1996 жылы 13 қаңтарда Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2017 жылы 24 жасында Ашхабад қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Одан кейін тамыз айындағы Универсиадада 69 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Сол кезде Линдер үш мүмкіндіктің екеуін ғана пайдаланып, чемпион атанды.
Бейбіт күнде білдей бір чемпионнан айырылу ешкімге де оңайға соқпас. Әсіресе, спортшының туған бауыры қатты қайғырып, ағасының өліміне қатысты біраз жайттың бетін ашты.
Семен Линдердің айтуынша, ағасы Альберт Линдер спорттық мансабында көптеген кедергіге тап болған.
«...Жылдар бойы біз жаттығу жиынында болдық, ол депрессияға тап болды. Спортты жанындай сүйетін үлкен жүректі жігіт сынып кетті, сонда да жаттығуды үзбей, Қазақстан командасының қатарында бола берді. Қасында мен жүрдім. Оның қалай қиналғанын, бес күн бойы ішпей-жемей жүрсе де, жаттығу жасағынын бәрі көрді. Оған ешкім көмектескісі келмеді. Тек қолын сындырып алған соң қасына ешкімді ертпей, үйге жіберді. Осыны жасаған адам – оның жеке бакері әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері. Бапкер ешқашан мамандарға жүгінген жоқ. Ол бізге бала күнімізден көптеген жағымсыз жайттар жасады. Біздің басымыздан не өткенін көпшілігі біледі. Өйткені, оның мақсаты жалғыз ақша еді. Ағам бәрін дұрыс қабылдайтын жағдайда еді. Спорттан кеткеннен кейін де ол барлық ауыртпалықты көтерді. Оның бәрі ұмытып кеткенін де көтере алды. Жаттықтырушы бірнеше рет келіп, оған әрі қарай жаттыға беруді ғана айтты. Мед мамандарға апарудың орнына, шіркеу мен мешітке апарды. Өйткені, Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы мәселені осылай шешеді. Менің ағам әрі қарай жаттығудан бас тартқанын білген соң, ол дереу ұмытып кетті. Тұғырда тұрғанде сен бәріне керексің, ал сені сындырған соң, алмастыра салады. Ол ауыр атлетикасыз өмірден өзін таба алған жоқ. Ол ештеңе айтпастан кетті», – деп жазды Семен.

ҚР Ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде Седов Сергей тұр. Ал өзге ақпарат алаңдарында да Альберттің жеке бапкері осы азамат екені көрсетілген. Демек сын садағы Седовқа бағытталып жатыр.
«Мен тек бірнәрсе айтқым келеді. Ол адам емес, ол спортта жүрмеуі керек, ол балаларды жаттықтырмауы тиіс. Маған сеніңіздер, егер спорттын тыс адамды бір апта бойы сонымен бірге жіберетін болсаңыздар, ол адам шыдай алмайды. Өйткені, ол өте қауіпті, адам емес. Біреуді кінәлайтын ойым жоқ. Бұл бәрі айтуға қорқатын шындық, кезінде біз де қорықтық. Мен үндемей келдім, енді соңына дейін барамын. Осынша нәрсені істеген соң оның бапкерлік қызметте қалуына қалай ары жіберетінін білмеймін. Ол жеке бапкер Қазақстан құрамасының аға бапкері. Бізді кім жаттықтырғанын гуглдан тауып аласыздар. Осыған қатысы барларды жаратқан жазалайды. Кінәлі адам Қазақстан заңымен жазалануы керек», – деген Семенның жазбасы салмақты шықты. Оны отандық БАҚ-тың дені іліп әкетті. Осыдан кейін құқық қорғау органдары, жауапты азаматтар іске кірісті.

Алматы облысының полиция департаменті ҚР ҚК-ның 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша соталды тергеу жұмыстарын бастаса, ауыр атлетика федерациясы ішкі тергеу жүргізіп жатыр.
Седовтың сөзінше, ұлттық құрамадан кету туралы шешімге Линдердің өзі Рио-де-Жанейродағы Олимпиада алдындағы допинг тестілеуден кейін келген.
«Допинг қадағалаушы келіп, барлық спортшыға арнайы құты мен парақ жазып берді. Альберт бес рет тест тапсырды, төртеуі таза шықты, бірақ бесіншісінің қорытындысы дұрыс болмады. Осылайша ол Олимпиадаға өте алмай қалды», – дейді Сергей Седов.
Бұған қоса, жаттықтырушы сол кезең ешкімге оңайға соқпағанын атап өтті.

«Альберт адам танымастай өзгеріп кетті. Сондықтан оны босаттым. Таразда болған жағдай еді. Жаттығулардан босаттым, ұзақ уақыт бойы әңгімелестік. Сол уақытта «Мен Риодағы жағдайдың қайталануын қаламаймын. Оданша мен барып жұмыс істейін, қайта осы жолға түскім келмейді» деп айтты»
Бапкер сөзінің рас-өтірігін тергеушілер анықтай жатар. Біз онымен жақынырақ танысу үшін архивтегі ақпараттарды шолып шықтық. Сөйтсек, Седов 2017 жылы бұзақылық үшін істі болып, 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған екен. Жазадан жаңа құтылған бапкер үшін бұл айыптау оңайға соқпасы анық.
Альберттің өлімінен кейін назардан тыс қалған тағы бір мәселе бой көтерді. Ол кәсіби мансап аяқталғаннан кейінгі спортшылардың өмірі. Қазақстан спортшылар одағының өкілдері спорттан кеткендер әлеуметтік тұрғыда қорғалмағанын айтады.
«Біздің федерацияның, уәкілетті органдардың жұмысы бірінші кезекте нәтижеге бағытталған. Олар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін қайда баратынын ойламайды. Сол федерациялар тарапынан, мемлекеттік органдар тарапынан бейімдеу жұмыстары жүргізілмейді. Енді, міне, осындай жағдай орын алып жатыр. Қазіргі уақытта біздің спортшылар әлеуметтік жағынан еш қорғалмаған», – дейді «Қазақстандық спортшылар одағы» жергілікті қоғамдық ұйым жетекшісі Азамат Қарлығашев.
Илья Илинь де спорттағы мансабын аяқтаған жігіттерге назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Менің жанымда ішіп, құр бос жүрген, дұрыс жолға түсе алмай, осындай жағдайдан шыға алмай жүрген балалар бар. Ақша жоқ, жұмыс жоқ, не істеу керектігін білмейсің. Спортшылар өз проблемаларымен жалғыз қалады. Содан кейін де осындай қайғылы жағдайлар орын алады. Бір-бірімізге мұқият болайық, мансапты аяқтаған спортшыларға мұқият болайық. Олардың көпшілігі дарынды балалар. Оларға көмектесейік, оларға назар аударайық», – деді Ильин.
Ауыр атлеттің қазасы спортшыларды бей-жай қалдырған жоқ. «Альбертке әділетсіздік көрсетілді» дегендер жаппай медальдарын көміп, қоқысқа тастап жатыр. Оны Альберттің інісі Семен бастады.
«Ол медаль әкелгенде қуанған адамдар қайда? Қайда бәрі? Олар Альберт құрамадан кеткенде де, өмірден өткенде де болмады. Мен ағасыз қалдым. Ештеңеге қажеті жоқ медальдарды да көміп тастадым. Ол маған да, ағама да керек емес. Альберт үшін дұға жасаңыздар», – деді Семен.
Біз аталған жайтқа қатысты сұрақтардың басын біріктіріп, федерацияға ресми сауал жолдадық. Көп күттірмей жауап аламыз деп сенеміз.