14 Қараша 11:24
...

«Барар жерім жоқ». Арман Дүйсеновтың жесірі президенттен көмек сұрады

сұхбат
Фото: видеодан скрин

Белгілі композитор Арман Дүйсеновтың жары Айсұлу Айданқызы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.

Астана, NEGE. Айсұлу Айданқызының айтуынша, 2024 жылдың 7 қазанында 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен өз пәтерінде қайтыс болған күйінде табылған. Оның қолдары артына байланған, мойнына ілінген жіп денесін сүйеп тұрған, ал аяқтары жерге тірелген.

«Көптеген деректер анықталса да, бұл іске қатысты тергеу әлі нақты шешімге келген жоқ. Екі қолы артына байланған адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе? Бостандық аудандық полициясы дәлелді жауап берген жоқ», – дейді Абылайдың анасы. 

Ұлы қайтыс болғаннан кейін Айсұлу Айданқызына С. есімді жігіт хабарласып, өзін Абылайдың досы ретінде таныстырған. Ол Абылайдың өзіне қарыз болғанын айтып, отбасы тұрып жатқан пәтерді босатуды талап еткен. Айтуынша, Абылай пәтерді қарызға кепілге қойған. Жазбаша хат алмасуларда С.-ның Абылайға 65 млн теңгені өте жоғары пайызбен бергені расталыпты.

«Яғни марқұм өзіне мүлдем тиімсіз, ауыр жағдайларда келісімге қол қоюға мәжбүр болған деуге жеткілікті негіз бар. Бұл – заң бойынша жарамсыз мәміле. 65 млн теңге қарыз үшін нарықта 140 млн теңге тұратын пәтерді иемдену айласы бастапқыдан болғаны көзге көрініп тұр. …», –  дейді Айданқызы. 

Қылмыстық іс әлі қаралып жатқанымен, Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты пәтерді босату туралы шешім шығарған.

«Ол кісі мені сотқа берген екен. Сот қазан айында бітті, 2025 жылы 24 қазан күні сот мені пәтерімнен шығару туралы шешім қабылдады. Мен ол соттың шешімімен келіспеймін», – дейді Айданқызы.

Айсұлу Айданқызының сөзінше, сол пәтерде өзі, 13 жасар ұлы және 83 жастағы көзі көрмейтін әкесі тұрады. Егер сот шешімі орындалса, баратын жері жоқ. Ол денсаулығына байланысты қазір жұмыс істей алмайтынын айтып, жалғыз сүйеніші болған ұлынан айырылғанын жылап жеткізді. Айсұлу Айданқызы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайтынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің бұрынғы серіктесі Калелхан Иманмади марқұм композитор Арман Дүйсеновтің отбасын алдап, олардың ірі көлемдегі қаржысын иемденгені белгілі болған. Сот шешімімен Иманмади алты жылға сотталды.