2 Мамыр 13:44
...

Банктер мен коммуналдық қызметтерден қазақстандықтардың статистикалық деректері жинақталады

Ноутбук
Фото: ғаламтордан

Мәжіліс мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Алматы, NEGE. Заң жобасын депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық статистика бюросын реформалау және цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі.

Заң жобасында жауапты мемлекеттік органдар арасында құзыреттер мен өкілеттіктер бөлінеді. Ұлттық статистика бюросына әкімшілік деректердің, оның ішінде басқа да мемлекеттік органдардың сапасын қашықтан бақылау бекітіледі. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректерді басқару саясатының техникалық іске асырылуын қамтамасыз етеді және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастырады.

Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы жанынан сапалы деректерді қалыптастыру үшін дата-бақылаушылар институтын енгізу және «Ұлттық анықтамалық ақпарат» сервисін әзірлеу көзделеді. Сондай-ақ Бюроға әкімшілік деректердің сапасын бақылау, деректер сапасын бағалау талаптарын әзірлеу, мерзімді және жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асыру, үлкен деректерді талдауға көшу бойынша өкілеттіктер беріледі.

Деректерді жинау әдістерін жетілдіру үшін баламалы көздер – фискалдық органдар мен төлем жүйелерінің деректері, жүк тасымалдау көлемі, электр энергиясын тұтыну, мобильді операторлардың деректері және нақты уақыт режиміндегі басқа да көрсеткіштер пайдаланылатын болады.

Заң жобасымен Бюроға баламалы деректер иелерімен оларды өтеусіз негізде, бірақ тек статистика мақсаттары үшін ұсыну туралы келісімдер жасасу құзыретін беру ұсынылады.