20 Қаңтар 09:52
...

Банкоматтағы камера клиенттерді аңдитыны рас па?

freepik.com
Фото: freepik.com

Желіде банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтардың деректер базасы құрылғаны және банкоматтардағы бейнекамера клиенттерді аңду үшін орнатылған деген мазмұнда ақпарат тарады.

Астана. NEGE. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының анықтауынша, деректер базасы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ұлттық банк те «елімізде қолма-қол ақша алу фактісі бойынша тізілім жасалмағанын» атап өткен.

Ал банкоматтардағы бейнебақылау камералары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және банк клиенттері мен қаржы ұйымдарының мүддесін қорғау үшін орнатылған.

«Бұл камералар қылмыстардың (алаяқтық немесе ұрлық) алдын алуға, сондай-ақ клиенттердің және ықтимал құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеу арқылы оқиғаларды тергеп-тексеру барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Бейнежазбаларды сақтау даулы жағдайлар мен құқық бұзушылықтар кезінде дәлелдеме ретінде қызмет етеді және банк клиенттері мен қаржы ұйымдарының мүдделерін қорғауға бағытталған», – делінген хабарламада.

Бұл талаптар Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы қаулысымен бекітілген. Осы қаулыға сәйкес, банктер банкоматтарда клиенттің жүзін анық түсіретін кемінде бір бейнекамера орнатуға міндетті. Бейнежазбаларды сақтау мерзімдерін біріздендіру мақсатында, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер бейнеақпаратты кемінде 180 күнтізбелік күн сақтау талаптарын орындауға тиіс.

«Қолданыстағы заңнамада банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алатын тұлғаларды алу жиілігіне немесе сомасына қарамастан тіркеу жөнінде өзге талаптар көзделмеген», – дейді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы өкілдері.

Орталық контент жасаушыларды құқықтық нормаларды бұрмаламауға және қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызатын ақпарат таратпауға шақырады.