24 Наурыз 15:25

Банк ішіндегі аномалия. НЕГЕ Freedom Finance Bank активтері күдік туғызады?

Фото:

Базалық ставканың 13,5 пайызға көтерілуі «Фридом Финанс Банк Қазақстан» АҚ қаржылық есептілігін нашарлатпақ. Себебі, банк активтерінің 76 пайыздан астамы құнды қағаздардан тұрады. Оның қайта есептелуі қаржылық балансқа жағымсыз әсер етеді.

«Орта есеппен, Қазақстандағы банк активтерінің құрылымында бағалы қағаздар құны 14,1 пайызға тең», – деп жазады Risk Takers. Ал «Freedom Finance Bank» 28 ақпандағы балансында активтер көлемі 402,5 миллиард теңге болса, соның 307,5 миллиард теңгесі әділ құны бойынша есептелген бағалы қағаздарға жатқызылған. Сарапшылар мұны «елдің банк секторындағы аномалия және сирек тәжірибе» деп бағалап отыр.

«Жаңартылған деректер 31 наурызда жарияланады. Банк нарықтық тәуекелге қаншалықты ұшырағанын осы кезде көре аламыз. ҚНРДА-ның банктерге, әсіресе, тұрақты күйзеліс жағдайында нарықтық тәуекелдің соншалықты жоғары шоғырлануына неге мүмкіндік беріп отырғанын түсінбейміз. Біздің болжамымыз бойынша, Ұлттық банк базалық ставканы одан әрі арттыра бермек. Бұл банктің активтерді қайта бағалаудан шығыны одан сайын артады деген сөз»

«Freedom Finance Bank» жүйеқұраушы қаржы институттары қатарына жатпайды. Жеке тұлғалар онда бар-жоғы 26 миллиард теңгедей қаржы жинақтап отыр.

«Фридом Финанс Банк Қазақстан» АҚ 28 ақпандағы балансы

Өткен аптаның соңында S&P Global Ratings «Freedom Finance Bank» рейтингін «В» деңгейінен «В-» деңгейіне дейін түсіріп тастады. Себебі банк бағынышты саналатын «Freedom Holding Corp.» халықаралық тобының едәуір бизнесі Ресейде болатын және олар санкция салдарынан зардап шегуде.

Топтың функционалдық валюталары рубль мен теңге болғандықтан, рейтинг агенттігі олардың долларға шаққанда күрт құнсыздануы нәтижесінде топ бағамдық шығынға ұшырауы мүмкін деп болжап отыр.

«Холдингтің еншілес компанияларының несиелік рейтингтерінің төмендеуі – Украинадағы жағдай мен одан кейінгі халықаралық санкциялардың болжамды жанама әсері. Жоғарыда атап өткеніміздей, біз Украинада орналасқан барлық қызметкерлеріміздің әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Санкциялардың ықпалының толық көлемі әзірге белгісіз болғанымен, біз Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Еуропада және АҚШ-та жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деп мәлімдеді «Freedom Holding Corp.» бас директоры Тимур Турлов.

ҚНРДА-ның банктердің тәуекел менеджментіне көңілі толмай отырғаны туралы ақпараттар келіп түсуде. Демек, келесі стресс-тесттер кезінде осы аспектіге, провизия бойынша жұмыстарға көп көңіл бөлінетін болады.

Сол кезде көп сұрақ «Freedom Finance Bank» жаққа қарай жолданатыны анық. Оған дейін банк жұмыс істеп тұрса, әрине.

Тегтер: