Балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған – Депутат
Осы мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас Прокурор Б. Асыловқа және Қаржы Агенттігі Төрағасы Д. Малаховқа депутаттық сауал жолдады.
Астана, NEGE. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қарсы «Азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды», деген болатын.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан Республикасының Қаржы Агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр.
«2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерлерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Заводттардың барлығы өнімді экспортқа шығарады. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады!Отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық балық шаруашылығының субъектілерінен тұрады, аталған салада және еншілес кәсіпорындарда 500 000-ға жуық адам жұмыс істейді. Балық өнеркәсібі саласы Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Балықшылар өңделген балық өнімдерін ЕО, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, 36-мемлекетке экспорттап отыр», - дейді депутат.
Өткен жылдары шет елге өңделген шортан, сазан, судак тәрізді балықтары 30-мың тоннаға жуық өнім экспортталған.
«Осынау еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржы Мониторингі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз заводтың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, заводтар жұмысын тоқтатқан. Қаржы мониторингі агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі ықтималы жоғары», - деп атап өтті Ерлан Саиров.
Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысының төленбей, заводттардың өздеріне шет елден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялардың келу қаупі төніп тұр.
«Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артуда! «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал! AMANAT Фракциясы Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын тұқыртпай, керісінше дамыту қажет деп есептейді», - деді депутат.
Ол үшін Мәжіліс депутаты бірнеше ұсыныс тастады:
1. Бас прокуратура Қаржы Мониторингі агенттігінің балық заводтарын тексерудерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
2. Қаржы Мониторингі Агенттігінің ашқан қылмыстық істеріне тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет!
3. Бас Прокуратура Құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс.
4. Бас Прокуратура Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамассыз ету маңызды!