«Балашка» фильмі – үлкен экранда
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында режиссёр Данияр Саидкаримовтың «Балашка» кинофильмі үлкен экранға жол тартты.
Алматы, NEGE. Фильмнің продюсері – Ренат Баситов. Басты рөлдерде – Жантөре Мыңжасар, Досжан Жанботаев, Ерлан Пірімбетов, Асқат Үрпеков ойнайды.
Қазақтың түп-тамыры, қазақы тәрбиенің бастау бұлағы ауылда екені белгілі. Ал бала тәрбиесінде ата-әже институтының орны ерекше. Фильмді түсірген шығармашылық топтың мақсаты – қалада туып-өскен баланың ауылға барып, қазақшасын да дұрыстап, табиғатпен, жан-жануармен етене жақын болған өмірін көрсету.
Қолынан ұялы телефоны түспейтін, түрлі компьютерлік ойынға әуес қаланың баласы бір апта демалысқа ауылдағы атасының үйіне барады. Әу баста ауылдың өміріне үйренісе алмаған кішкентай Аслан екі-үш күнде табиғатпен де, үй жануарларымен де достасып кетеді. Қора тазалап, қи шығарып, нағыз еңбектің дәмін сезінеді. Тіпті, мал ұрлайтын қарақшыларға да жалғыз өзі тойтарыс беріп, ақыр соңында ұсталуына да себепкер болады.
«Балашка» фильмінің бас кейіпкері Асланның рөлін сомдаған Жантөре Мыңжасар ауылға барып үй жануарларына тамақ, шөп, жем беріп көргенін, тіпті есекке де алғаш отырғанын айтады. «Ауыл өмірі маған ұнады. Үй жануарларына жақындамайтын едім, бәрімен достастым. Фильмдегі ата көп нәрсені үйретті. Бұл – менің алғашқы рөлім. Болашақта тағы да киноға түскім келеді», – дейді актер Жантөре Мыңжасар.
Фильмнің продюсері Ренат Баситов: «Бізде отбасымен бірге барып көретін фильм аз. Тіпті, жоқ десек те болады. Осы тақырып бұрыннан көкейімде жүрген еді. Кино арқылы ауылға, атаға, табиғатты қорғауға деген махаббатты көрсеткіміз келді», – десе, актер Асхат Үрпеков: «Бұл киноның қазақ балаларына берері мол. Қазақ баласының ұлттық тәрбиесіне ауылдың, ата-әженің рөлі зор. Ауыл тіршілігінен бейхабар қала балаларының бір уақыт елдегі ата-әжесінің тәрбиесін сіңіргені жақсы. Балақайдың ауылдағы демалысы мен басынан өткізген қызықты оқиғалары да есінен кетпейтін болады», – дейді.
Бір сөзбен айтқанда, «Балашка» кинокомедиясы балаларды табиғатты қорғауға, адам еңбегіне құрметпен қарауға үндейді, ізгілік пен адамгершілікке баулиды. Балаларға арналған фильм еліміздің барлық кинотеатрларында 21 наурыздан бастап көрсетіліп жатыр.