Баланы жұмысқа жегу көбейді
Карантин балаларға да ауыр тиіп тұр. Үндістанда буыны қатпаған жеткіншектерді жұмысқа жегетіндер көбейген.
Алматы, NEGE. Жалпы жергілікті заң бойынша жасы 14-ке толмаған бала еңбек етпеуі тиіс. Алайда оны елеп жатқан ешкім жоқ. Мұнан он жыл бұрын Үндістан тұрғындары балалардың жұмыс істеуіне қатысты аса бас қатырмайтын. Алайда бұл мәселені халықаралық құқық қорғаушылар назарға алып, 2015 жылы елде тиісті заң қабылданды. Құжат 14 жасқа толмаған балаларды күштеп жұмыс істетуге тыйым салады. Алайда қазіргі дағдарыс кезінде оқушылар қайтадан жұмыс іздеуге мәжбүр.
Үндістан зерттеу институтының аға менеджері Шахид Рахмал: «Бүгінде балаларды жұмыс істеуге мәжбүрлейтін нәрсе аштық емес, бұл ата-аналарының несиелері. Үндістанда несиесі жоқ отбасылар жоқтың қасы. Ал жұмыссыз қалғанда оны жабатын ақша болмайды, бірақ үстінен пайыз жүре береді. Сондықтан ата-анасының қателігі үшін балалары жауап беруге мәжбүр. Бұл жантүршігерлік жағдай. Қазір 60 миллион жеткіншек мектепке бармайды. Ол аздай «бала еңбегін пайдалануда тұрған түк те жоқ» деп ойлайтын ата-аналар жетіп артылады» деді.
Соңғы айларда волонтерлер Үндістанда 600 баланы еңбек құлдығынан құтқарып қалған. Бұл мәселе халықаралық ұйымдарды да алаңдатып отыр. Біріккен Ұлттар ұйымы да таяуда дәл осы мәселені талқылады.