Балаларға арналған этно-лагер ашылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Аққайың ауданында «Саржайлау» атты этноауыл сауықтыру лагері жұмысын бастады.
Алматы, NEGE. «Саржайлау» этноауылы СҚО Аққайың ауданындағы № 3 Смирнов орта мектебінің жанынан ашылды. Аумаққа киіз үй құрылып, қазан-ошақ орнатылды, алтыбақан құрылды. Жаз уақытында бұл жерде 210 бала тегін дем алады.
«Саржайлау» этноауыл сауықтыру лагері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылды. Мақсат – балалардың демалысын қызықты, әрі пайдалы етіп ұйымдастыру. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді дәріптеп, насихаттамақшымыз. Балаларға, оқушыларға ұмыт бола бастаған дәстүрлерді үйретеміз, көрсетеміз. Бұл жерде біздің мектептің ғана емес, басқа да оқу ордаларының балалары келіп, демалысын өткізеді», - дейді мектеп директоры Раиса Нұртазинова.

Этноауылдағы әр күн жоспарланған. Бүгін қыздар жағы нан илеп, бауырсақ пісіруді үйренді. Даладағы ошаққа піскен сары бауырсақты этноауылдың ашылу салтанатына келген қонақтарға ұсынды. Сондай-ақ оқушылар бұл жерде жүн түту, алаша тоқу, қамшы өру секілді қол өнерімен танысады. Бесасық, асық ату, сақина тастау, сиқырлы таяқ секілді ұлттық ойындар ойнап, қазақтың ауыз әдебиетімен танысады.
Этноауыл жаз бойы жұмыс істеп, оқушыларды 4 кезеңмен қабылдамақ.
Қазір оқып жатыр
Францияда Temu және басқа маркетплейстердегі тауарларға қосымша салық енгізілді
Қазақстан экономикасы тек мұнайға тәуелді емес: шетелдік сарапшылар инвестиция көлемі мен өнеркәсіптің өскенін атап өтті
«7 айда жауап алуға екі-ақ рет шақырды»: Алматыда журналист Гүлнар Бажкенованың соты басталды
Терроризмге қарсы қорғанысты әлсіреткені үшін 263 басшы айыппұл арқалады