«Балалар жылында» балалар алаңқайының саны артып келеді
биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, бүлдіршіндердің болашағын қалыптастыру жолында сала басшыларына бірнеше тапсырма берген болатын.
– Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар турасында емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп Мемлекет басшысы атқарылатын жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін қадап айтқан.
Осы мақсатта ел өңірлерінде балалар игілігіне орай атқарылуға тиіс түрлі жобалар қолға алынған болатын. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аймақтарда балалар алаңы мен түрлі спорт алаңқайлары пайда болды.
Мәселен, соның бірі ретінде айтар болсақ, Балқаш қаласының 9-шағын ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Самал алаңы заманауи тұрғыда жабдықталды. Ермек Алшымбаев атты жергілікті тұрғынның бастамасымен онда балалар алаңы, воркаут аймағы және спорттық жабдықтар орнатылды.
Белсенді қала әкімдігіне «Самал» алаңының құрылыс жобасымен жүгінген. Сөйтіп, өз бетінше жоба мен сметаны даярлауға білек сыбана кіріскен.
1000 шаршы метрді құрайтын алаңның мақұлданған құрылыс жұмыстарына Алшымбаетың өзі де бастан-аяқ қатысқан.
– Алдағы уақытта алаң кеңейіп, футбол алаңы, волейбол алаңы болса деймін. Оны уақыт көрсетеді, – деген еді жергілікті тұрғын Алшымбаев алаңның ашылуы барысында.
Шағын балалар қалашығының ашылуында олардың көңіл күйін көтеруге келген аниматорлар түрлі ойындар ойнатып, тәттілер таратып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеген.
Өткен жылы Қызылорда қаласында да демеуші мердігер мекемелердің есебінен 50 ойын алаңы құрылысын салу жоспарға алынған еді. Нәтижесінде, биылғы «Балалар жылында» шаһарда 12 ойын алаңы ел игілігіне берілді. Бүгінгі күні 13-нің құрылысы бастау алса, алда тұрғызылуға тиіс 26 балалар алаңының орны белгіленіп отыр.
Сондай-ақ, Қызылордада көптеген ойын алаңдары жаңартылып, балалар денсаулығына қауіпті деп танылған барлық ойын алаңқайлары күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған.
Биыл балаларды қуанту үрдісі Павлодар қаласында да жолға қойылып, кішкентай тұрғындарға арналған біраз нысан бой көтерді. Соның бірі ретінде айтар болсақ, жыл басында шаһардағы ұзын-сонар Қамзин көшесінің бойында орналасқан үйлердің иелері балалар алаңын салу мәселесін көтеріп, жергілікті әкімшілікке өтініш жасаған. Аталған шағым аясында Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов балалар мерекесі, яғни, 1 маусымға дейін заманауи жабдықталған алаң тұрғызуды атқамінерлерге тапсырды. Айтқандай, бүлдіршіндер мерекесі қарсаңында күн тәртібіне қойылған нысан қолданысқа берілді.
Ойын алаңының ашылу салтанатында сөз сөйлеген әкім шаһарда 30 аула жаңартылғанын жеткізді. Аймақта 150-ден астам аула барын алға тартқан өңір басшысы: «Оларды ретке келтіріп, балалардың бос уақытын қамту барысында өзге де жобаларды қолға алудамыз. Шамамен күз мезгіліне дейін оларды іске асыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақсатымыздың нақты орындалуы үшін сапаны бақылауда ұстауымыз қажет, – деген еді.
Иә, біз мысалға алған тізбек балалар игілігіне байланысты ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстардың жұрнағы ғана. Алда көптеген ойын-сауық әрі спорттық орталықтар мен алаңқайлардың ашылуы күн тәртібінде тұрғаны анық. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген. Қалай десек те ел ертеңін қалыптастыратын өскелең ұрпақтың жүзіне күлкі үйіру сіз бен біздің қолымызда...