Балалар арасында індет өршіп тұр
Молдовада аурухана толып, орын қалмады.
Алматы, NEGE. Бұл елде ауруханалар толып, орын қалмады. Коронавирус бұған дейін үлкендерді айналдырып келсе, енді балаларға шапқан. Әсіресе ел астанасы Кишиневте жағдай қиын. Мұнда ауруханаға түскендердің қатары төсек санынан екі есе асып кетті. Қаңтар айының ортасында Молдовада індет өршіп кетті. Жаңа жылғы мейрамнан кейін көп ұзамай, коронавирус жұқтырған ересек адамдардың саны 80%-ке өскен. Тура бір жыл бұрынғы жағдай қайталанып, елдегі ауруханалар толып кетті.
Алайда биылғы бір ерекшелігі науқастардың үштен бірі – балалар. Апта басталғалы балаларға арналған барлық аурухана мен емханада ине шаншар орын жоқ. Жұрт жаппай балаларына екпе жасауға жанталаса бастады.
Наталья Собану, балалар емханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Коронавирустың, әсіресе, омикронның тарау жылдамдығы алаңдатады. Өткен аптада 8 бен 14 жас аралығындағы бір мыңнан сәл асатын науқас болған. Ал енді осы апта аяқталмай жатып үш мың бала қабылдадық. Бұл тек осы жаңа штамның тез жұғуына ғана байланысты емес. Ата-аналар баласының дене қызуы көтеріліп тұрғанын, жөтелін елеместен мектепке немесе балабақшаға жібере береді. Салдарынан ауруханаға бір бала емес, жиырмасы бір-ақ түседі. Сол себепті облыста 18 мектеп пен 40-қа жуық балабақша жабылды.
Тек ел астанасында өткен аптада бір мыңдай бала ауруханаға жатқызылды. Осыдан кейін 260 мұғалім де емделуге мәжбүр болды. Билік ПТР-тест пен вакциналау орындарының санын арттыруды бұйырды. Парламент дәрілердің жаңа партиясын сатып алуға қосымша қаражат бөлді.