Балалар омбудсмені жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының себептерін айтты
Динара Зәкиева Facebook желісіндегі жазбасында соңғы уақытта орын алған мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларына қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Ол мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен түрлі ведомстволардың, соның ішінде Білім, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, Бас прокуратура және басқа да құрылымдардың өкілдері қатысқан жиында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі талқыланғанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдердің орташа жасы 15-17 жас, бірақ мұндай жағдайлар 11-13 жас аралығындағы балалар арасында жиілеп барады. Омбудсмен қайғылы оқиғалардың негізгі себептерін наақтылады: жалғыздық, ата-анамен, құрдастарымен қарым-қатынастағы проблемалар, қорлау, біллинг, әлеуметтік желілердің әсері.
Зәкиева Мәдениет және ақпарат министрлігі суицидті насихаттайтын материалдарды таратудың 22 фактісін анықтап, оның 19-ы жойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықты тарататын 56 интернет-ресурс жойылып, 101 материалға хабарлама жіберілді. Сондай-ақ министрлік Telegram және Meta платформалары арқылы балаларды тарту үшін пайдаланылуы мүмкін белгілі бір атаулары бар қауіпті топтарды жою үшін олармен байланысқа шықты.
Омбудсмен Цифрлық даму министрлігі 111 байланыс орталығының сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, басқалармен қатар, балалардың да көбірек жүгінетінін атап өтті. 11 ай ішінде психоэмоционалды жағдай және суицидтік ниет мәселелері бойынша 1237 өтініш пен барлығы 75 000 қоңырау түскен.
«Осы айдан бастап барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді, біз балалар құқығын қорғау комитетімен бір жыл бойы жұмыс істеп жатырмыз. Барлығы 130 сабақ бар. Сондай-ақ, 110 мектепте KIVA қорқытуға қарсы бағдарламасын пилоттық енгізу басталды, ол келесі жылдан бастап барлық мектептерде енгізілетін болады. Сондай-ақ қаңтар айынан бастап барлық мектептерде 500 балаға бір психолог (қазіргі уақытта 1500 балаға 1 психолгтан келеді) болуы керек».
Уәкіл сондай-ақ бірқатар облыстардағы, атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы әкімдіктердің жеткіліксіз жұмысы туралы мәселені көтерді. Бұл аймақтарда психологиялық орталықтардың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілмеген.
Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин суицидтің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен ай сайын кездесулер өткізіліп тұратынын, қабылданған шешімдердің орындалуы жіті бақылауда болатынын айтты.