Балалар арасында қызылша қайта өршіді: министрлік ата-аналарға үндеу жасады
Екпе алмаған балалар арасында аурушаңдық өсіп отыр
Астана. NEGE. Елде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал қайта ушыға бастады. Бұл жөнінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
Комитет дерегінше, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы қызылшаға шалдығу деңгейі 85%-ға төмендеген. Соған қарамастан, былтыр қарашадан бастап инфекцияның қайта өсу үрдісі байқалады.
Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына балалардың вакцинациядан тыс қалуы негізгі себеп болып отыр. Қызылшамен тіркелген науқастардың 79% инфекцияға қарсы мүлде екпе алмаған. Тағы 8%-дан астамы вакцинацияның толық курсын аяқтамаған. Ал сырқаттанған балалардың 59%-ы ата-аналардың екпеден бас тартуына байланысты қорғаныссыз қалғаны анықталған.
«Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет барлық қажетті профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды қабылдап жатыр. Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда инфекцияның таралуының негізгі себебі – ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуы», – делінген хабарламада.
Тек 2025 жылы профилактикалық екпе алудан 19 мыңнан астам адам бас тартқан. Соның салдарынан ұжымдық иммунитет төмендеп, қызылшаға байланысты жағдай қайта күрделенді.
«Құрметті ата-аналар, есте сақтаңыздар! Қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін. Қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация», – деп үндеу жасады комитет өкілдері.
Вакцина алмаған жағдайда ауру пневмония, жүйке жүйесінің зақымдалуы, мүгедектік секілді ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Ал, екпе алған балада ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасатынын алға тартты. Сондықтан, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары ата-аналарды балаларын уақытылы вакцина салуға шақырады.