27 Қаңтар 15:59
...

Балағат сөз айтқандарға жазадан бұрын ескерту жасала ма?

Фото:

Наурыз айынан бастап қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлеуді міндеттейтін Заң жобасы әзірленіп жатқаны тура ақпарат тарады.

Балағатқа жауапкершілік күшеюіне байланысты халық арасында түрлі сұрақтар көбейді. Қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 30 тәулікке қамауға алу жазасы қолданылады. 

Жаңа заң қай деңгейде талқыланып жатыр? Заң күшіне енген сәтте балағат сөз айтқаны дәлелденсе әуелі ескерту жасала ма, әлде бірден айыппұл арқалай ма? Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет вице-министрі Алма Мұқанова тілшілердің сұрағына жауап берді. 

«Осындай тиісті өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабына енгізілген болатын. Ол атап өткеніміздей наурыз айының басында күшіне енеді. Баптың санкциясына сәйкес, 20 АЕК айыппұл төлейді немесе 30 күнге қамауға алынады. Санкцияда ескерту деген көзделмеген. Бірақ ескерте кету керек балағат сөз айту үшін Кодекстегі жалғыз норма емес, тағы да осыған байланысты екі-үш норма қарастырылған. Мысалы, 73-бап бар. Ол тұрмыста, үйде балағат сөз айтылса, ескерту айтылып, айыппұл салынады. Сонымен қатар, педагогтар немесе медицина қызметкерлері балағат сөз айтса, оларға басқа нормалар көзделген. Ол шамамен 10 АЕК айыппұлды қамтиды. Бірақ балағат сөз айтқаны дәлелденсе, ол сот органдарымен қаралатын бапқа жатады. Сондықтан сот органдары шешім шығарған кезде екі нұсқа бойынша барлық мәліметтерді қарастырып, бір шешім қабылдайды. Бірақ, назар аударатын жағдай бар. Біздің Әкімшілік құқық бұзушылық Заңында тағы бір бап қарастырылған. Ол бапта маңызы болмашы жағдайда ескерту берілетіні айтылады. Оның маңызын сот органдары өздері шешеді», - деді Алма Мұқанова. 

Соңғы кездері «Youtube»-та шығып жатқан отандық фильмдер бейәдеп сөздер мен балағатқа толы. Мұндай фильмдердегі  анайы сөздерді тыю мәселесі жаңа Заңда қарастырылған ба? Бұрын шыққан, балағат сөздерге толы фильмдерге қатысты Алма Мұқанова пікір білдірді. 

«Нақты қарастырылып жатқан Заң жобасында осы мәселеге бағытталған нормалар қамтылмаған. Бірақ менің білуімше, осы Ютуб арналарының өз саясаты бар. Осындай контенті бар видеода немесе пікірде сондай сөздер анықталса, олар автоматты түрде алып тастап отырады. Сонымен қатар, әрбір азамат осындай контентке тап болса, ол сайт әкімшілігіне жолдау жасауы керек», - деді вице-министр.

Тегтер: