7 Ақпан 17:21
...

Балаева: Жаңа Ата заң жобасы сөз еркіндігіне кепілдік береді

бак
Фото: pixabay.com

Жаңа Конституция жобасы сөз бостандығын шектеуді емес, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды көздейді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Астана. NEGE. Оның айтуынша, қоғамда сөз бостандығына қатысты нормаларға ерекше назар аударылып отыр. Азаматтар Конституциядағы тұжырымдардың айқын әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтіндей болуын күтеді. 

«Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өміріне қол сұқпауын қорғауға бағытталған. Бұл халықаралық құқық талаптарға толық сәйкес келеді», – деді министр. 

Министрдің мәліметінше, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық келісімнің 19-бабына сәйкес, әр адам өз ой-пікірін еркін ұстануға құқылы. Сонымен қатар, бұл құқық басқа адамдардың құқықтары мен абыройын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін екені де нақты көрсетілген.

Ол журналистердің жаңа Конституция жобасындағы бапқа қатысты жолдаған ашық хатына да тоқталды. Аида Балаеваның айтуынша, медиақауымдастықтың үндеуі мұқият зерделенген және ұсынылып отырған түзетулер сөз бостандығын шектеуге әкелмейді.

«Мәдениет және ақпарат министрі, әрі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл түзетулер еш жағдайда сөз бостандығын шектеуге әкеп соқпайтынын сеніммен айта аламын. Қорытындылап айтсам, бұрыннан белгіленген бұл түзетулер жаңашылдық емес, оның ішінде жауапкершілікке әкеп соғатын шектеулерді конституциялық деңгейде бекіту ғана», – деді Аида Балаева.