19 Қаңтар 10:39
...

Балаева скринингке қатысты тапсырма берді

primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қызылорда өңірінің әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралған жиында ауруды емдеуден бұрын, оның алдын алу шараларын күшейту қажет екенін атап өтті.

Астана, NEGE. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жиында Аида Балаева алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін арттыру, алдын алу жұмыстарының нәтижесін күшейту, балалы отбасыларға көрсетілетін патронаж қызметінің сапасын жақсарту, скринингтердің объективтілігін қамтамасыз ету және ауруларды ерте анықтау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне назар аударды. 

Ол басты басымдық алдын алу жұмыстары болуы керек екенін ерекше атап өтті.

«Біз үшін басты міндет – ауруды емдеуден бұрын, оның алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейту. Біріншіден, скрининг сапасын арттырып, дертті ерте анықтауды формализмсіз жүргізу қажет. Екіншіден, медициналық қызмет көрсету деңгейі жоғары болуы тиіс. Үшіншіден, халықпен тұрақты әрі тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар бақылау қатаң болуы керек. Бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын және тұрғындардың нақты қандай нәтиже алғанын көріп отыруымыз қажет. Өйткені Үкіметтің қаржысы – халықтың ақшасы», – деді премьер-министрдің орынбасары.

Айта кетейік, таяуда жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылық анықталғаны мәлім болды. Қаржы министрі Мәди Такиев келтірген дерекке сүйенсек, 1,8 млрд теңгеге ер адамдардың әйелдер ауруларына скринингтен «өткені» тіркелген. Атап айтсақ, 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Алматы облысындағы тек бір аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталған.