12 Желтоқсан 10:33
...

Бала саудасы мен секталар: ІІМ бірқатар ауыр қылмыстық схема әшкереленгенін хабарлады

 ІІМ/видеодан скриншот
Фото: ІІМ/видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі «STOP-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында адам саудасына қатысты 39 факт тіркелгенін хабарлады, оның алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, Алматы қаласында жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне қатысы бар қылмыстық топ әшкереленген. Ұйымдастырушылар қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдерді материалдық сыйақы үшін сәбиін бөтен адамдарға беруге итермелеген.

«Барлық қатысушы ұсталды. 20-дан астам қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілерге мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінген ІІМ хабарламасында.

Ал Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тартып, қанау фактісі анықталған. Нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілген.

«Түнгі ойын-сауық орындарын жүйелі тексеру барысында Шымкентте, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды қанаудың әртүрлі фактілерінің жолы кесілді», – дейді полиция өкілдері.

Астанада полиция мен прокуратура бірлесіп, теміржол вокзалы маңында рейдтер жүргізген. Рейд нәтижесінде азаматтарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау бойынша 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

«Ақмола облысында діни топтың әрекеті тоқтатылды. Аталмыш топ еркін жыныстық қатынастарды және отбасылық құндылықтардан бас тартуды насихаттайтын "рухани орталық" ұйымдастырған. Тінту барысында діни әдебиеттер, атрибуттар мен ритуалдық заттар табылды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде», – деп мәлімдеді ІІМ өкілі.

Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында «элиталық эскорт» ұйымдастырушыларының қызметі тоқтатылған. Олар түнгі клубтар мен барларға жас қыздарды тартып, жеңгетайлықпен айналысқан. Қылмыстық істер сотқа жіберілді. 

Тегтер: