Бақтияр Артаев неге кешірім сұрады?
Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік үшін басшылықтан кешірім сұрады.
Алматы, NEGE. Бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас ассамблеясында Токиодағы сәтсіздіктің негізгі себептері қаралды. Отырысқа вице-премьер Ералы Тоғжанов пен ҰОК президенті Асқар Құлыбаев та қатысты. Ал бокс федерациясының атынан сөз сөйлеген Бақтияр Артаев алдымен басшылыққа қолдау жасағаны үшін алғыс білдірді. Одан кейін Токиодағы сәтсіздік үшін кешірім сұрады. «Әрине, Токио Олимпиадасындағы өте сәтсіз көрсеткішіміз үшін кешірім сұраймыз. Бірақ алдағы уақытта сараптама жұмыстары жасалып, тиісті қорытынды шығарылады. Жүйелі жұмыстан кейін келесі Олимпиада ойындарында өзіміздің бұрынғы көрсеткіштерімізге оралып, жоғары нәтиже көрсетеміз деген сенімдемін», – деді Артаев.
Айта кетері, тамыз айында өткен брифингте Артаев келесі Олимпиадаға баратын құраманың 80 процентке жаңаратынын мәлімдеген.