«БАҚ-ты шауып, ТАҚ-ты алу»: Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған кім?

ОКАРЕВ пен Қазақстан азаматы Аркадий КЛЕБАНОВ – басты күдікті.
Өткен сенбіде шабуылға ұшыраған журналистер мен қастандықты ұйымдастырушылар полиция бөлімшесінде бетпе-бет кездесті. Orda.kz сайтыны бас редакторы Гүлнар БАЖКЕНОВА, Elmedia жетекшісі Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА мен журналист Аян ШӘРІПБАЕВ, Ulysmedia.kz бас редакторы Самал ИБРАЕВА ұсталғандарға көңілдегі сұрақтарын қойып, жауап алған.
Гүлнар Бажкенова мен Гүлжан Ерғалиева осы кездесуде айтылған жайттарды ой елегінен өткізіп, Youtube арналарында арнайы материал әзірлеп, жария етті.
Айтуларынша, кінәлілер жасаған қылмысын толық мойындап отыр. Қалай жоспар құрып, әрекет еткені жайында егжей-тегжейлі баяндап та беріпті.
Ортақ тұжырымдары бойынша, Токаревтің ұйымдастырушы, жоспарлаушы екеніне ешқандай шүбә жоқ. Ал өзін басты тапсырыс беруші ретінде көрсетуге тырысып баққан Аркадий КЛЕБАНОВТЫҢ сөзіне журналистер иланбай отыр.
Аркадий Клебанов кім? Бар қызығы осы да жатыр. Ол – «Рахатгейт» ісіне қатысты 2008 жылы Рахат ӘЛИЕВ және Әлнұр МҰСАЕВПЕН бірге сырттай сотталған Сергей МАНЕВИЧТІҢ ұлы. Оларға «билікті күшпен басып алу», «қасақана адам өлтіру» айыптары тағылған болатын.
А.Клебанов пен О.Токарев.
Сергей Маневич – сол кездері президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ оңаша айтылған әңгімелерін тыңшы құралдармен жазып алып отырған адам. Оның үстіне, Аркадий Клебанов мұз құрсауында қалған Екібастұзға тікелей кінәлі олигарх Александр Клебановтың туысы болып шыққан.
Оның мұндай әрекетке баруына тәуелсіз журналистердің әкесі мен шешесі туралы жағымсыз материалдарды жариялауы түрткі болған-мыс. Өзі солай деген. Және өзін басты ұйымдастырушы етіп көрсеткен. Гүлнар Бажкенова полиция нұсқасының рас екеніне күмән келтірмейді. Тек қана Клебановтың тапсырыс беруші екеніне шүбәсін жасырмайды.
Orda редакциясы сол жылдары жарияланған материалдарды ерінбей қарап шығып, тәуелсіз БАҚ-тарда Сергей Маневичтің Рахат Әлиевпен қатысы жөнінде там-тұм ғана ақпарат бар екенін, ал оның анасы жөнінде бірде-бір сөз жария болмағанын анықтаған.
Сондықтан, Гүлнар Бажкенова тәуелсіз БАҚ-тардың кесірінен теперіш көріп, әке-шешесіне қатысты «психологиялық соққы» алған адам болса, Аркадий Клебанов емес, Нұрәлі Әлиев болуы мүмкін екенін тұспалдап, оны сотқа шақыруға үндейді.
Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, нағыз тапсырыс берушінің түпкі мақсаты есе қайыру емес – Тоқаевты тағынан төңкеру. Бұл – «Ескі Қазақстанның» тұяқ серпуі. Билікті қайтаруға ұмтылуы. Өйткені, қазіргі билік шетел асқан қыруар қаржының ізінен шам алып түсіп отыр. Сол қаржының иелері кімдер? Әрине, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ отбасы мүшелері.
«Мұның бәрін бала күнгі реніші бар, маньяктік сипаты бар социопат жасады дегенге кім сенеді. Біздің үстірт әңгімеміздің өзінен басқа картинаның сұлбасы шығып тұр. Біріншіден, ізі Назарбаевтың отбасына, нақты айтқанда, Дариға НАЗАРБАЕВА мен Рахат ӘЛИЕВ империясына келіп тірелетін ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Сергей Маневичтің ұлы Аркадий Клебановтың қатысының болуы кездейсоқтық па?
Бұдан бөлек, Еуропада Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаева отбасының досы, Айсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ рухани ұстазы, сырттай бірнеше мәрте сотталған, бірақ неге екені белгісіз, банкирлерді өлтіргені үшін, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғаны үшін әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмай келе жатқан, саясаткер Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ өліміне күдіктілердің бірі саналатын Әлнұр МҰСАЕВ, сондай-ақ А.Сәрсенбайұлын өлтіру туралы көпшіліктің көзінше ашық айтқан Дариға Назарбаеваның өзі де бар.
Екінші қырынан алғанда, өзін «басты тапсырыс берушімін» деп атаған Аркадий Клебанов Александр Клебановтың шеше жағынан жақын туысы болып келеді.
Александр Клебанов деген кім? Ол да Рахат Әлиевтің досы. Оның әйелі Дарья Клебанова Дариға Назарбаеваның жақын құрбысы. Мұншалықты кездейсоқтық кездесе бере ме?» – деп сауал тастайды Гүлжан Ерғалиева.
Александр Клебанов. Коллаж: NEGE
Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, әңгімелесу кезінде Аркадий Клебанов пен Токаревтің мақсаты – елде саяси дүмпу тудыру. Ел алдында да, халықаралық қауымдастық алдында да қазіргі биліктің абыройын төгу.
Қалай десек те, қылмыстың ізі Клебановқа келіп тоқтайтын түрі бар. Өйткені, әрмен қарай тергеушілер аяқ басатын жер емес. Қып-қызыл өрт – саясаттың шекарасы басталады. Әйтеуір, бұл әрекеттің артында «БАҚ-ты шауып, ТАҚ-ты алу» деген бір құйтырқы ойын тұрғандай.
Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жалғызілікті психопат па, жоқ әлде, оның артында жасырын тұрған қуатты топ па? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.