Бақытжан Базарбек: «Сейсмостанциялардың қаңылтыр темірін музей де қабылдамайды»
Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды.
«Дүйсенбі күні Алматыда жер сілкінді. Жақында Сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Іс жүзінде аталған институт қызметкерлері бейшараның күнін кешіп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбаған. Жобаларын министрлікке жолдаса да, оларды кері қайтарып жатыр. Қаржыландыруды қысқартып тастаған. Айлықтарын да дұрыс алып отырған жоқ. Міне, сондай дәрежеге түсіп отыр. Ал сеймостанциялардың өзі қаңылтыр темір, оны музейге де қабылдамайды. Сейсмоқауіпсіздік дәрежесі қазір осындай.
Сейсмология институты Төтенше жағдай министрлігінің қарамағында. Сейсмолог ғалымдар мұны қателік деп санайды. Айтуларынша, оны білім және ғылым министрлігіне қайтару керек. Бұған қалай қарайсыз?» – деді Бақытжан Базарбек.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған институтты министрлік қарамағына өткізуді қолдайтынын айтты.
«Шын мәнінде, бірталай институтты салалық министрліктерге берген уақытта көп мәселе жиналып қалды. Оның ішінде осы Сейсмология институты да бар. Ол Төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретінде. Оларда қазір толыққанды қаржыландыру болмағаны өкінішті. Сонымен қатар біздің министрлік те олардың ішкі процедураларын қолдай алмайды. Қайтарылса, қарсы болмаймыз. Бірақ биыл қомақты грантты Сейсмология институтына бөліп отырмыз. Ол 3,5 млрд теңге көлемінде болады. Қазір олардың барлық өтінімін пысықтап, Үкімет жанындағы комиссияның қарауына шығарып отырмыз», – деді Саясат Нұрбек.