Бақытжан Базарбек көлікпен қағып кетті деген жігіттің туыстары мәлімдеме жасады
Жамбыл облысында адам қақты деген бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек жәбірленуші тараппен бірлесіп мәлімдеме жасап, зардап шеккен жігіттің қазіргі жағдайын айтты.
Астана, NEGE. Жол-көлік апатында зардап шеккен Нұржігіт есімді жігіттің туыстары Бақытжан Базарбек тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз жанымызда, барынша көмегін көрсетуде. Бауырымның аяқтан тұрып кетуіне көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі уақытта бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Бауырыма көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз», – дейді жәбірленуші тарап.
Бақытжан Базарбектің өзінің мәлімдеуінше, жол апатынан кейін жансақтау бөліміне түскен ер адамның беті бері қарай бастаған.
«Қоғамда резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен Нұржігіттің жағдайы толығымен дәрігерлердің қолында. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан көмек беріліп жатыр. Реаниматологтар, травмотологтар келіп, көмек беріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігімен консилиум да жүріп жатыр. Динамикасында оң өзгерістер бар. Алып-қашпа әңгімелерді таратпайық. Ауруханада түнеген кездеріміз де болды», – дейді бұрынғы депутат.
Сондай-ақ ол зардап шеккен жігіт аяққа тұрып, отбасына оралғаннан кейін оған Астана мен Алматы қалаларында ем алуына көмектесетінін жеткізді.
Еске салсақ, бұған дейін желіде бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жолда адамды қағып кеткені туралы ақпарат тарады. Жамбыл облысының полиция департаменті оқиғаның Т. Рысқұлов ауданында болғанын растағанымен, көлікті кім басқарғанын нақтыламаған еді.
Полиция мәліметінше, Toyota жүргізушісі жол жиегінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
17 тамызда Бақытжан Базарбектің өзі желіде жазба жариялап, Жамбыл облысы аумағында болған жол-көлік апаты бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.