29 Қараша 14:11
...

Сұрақ көп, жауап жоқ. Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты іс НЕГЕ тоқтап қалды?

Суицид
Фото: NEGE

Биыл 16 наурызда Qazaq bank-тің бұрынғы акционері, бизнесмен Бақыт Ибрагим жұмбақ жағдайда қаза болды. Бұл іске қатысты полиция «өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған-ды.

Ал бүгін Алматы қалалық полиция департаменті Б.Ибрагимнің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.

Қылмыстық істі Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізген. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігімен (өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу) қозғалған іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалған болатын.

– Тергеп-тексеру шараларының нәтижесінде қылмыс құрамы болмағандықтан ҚР ҚК 35-бабының 1-бөлігі, 2-пункті негізінде қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешімді Алмалы аудандық прокуратурасы бекітті, – деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

2018 жылы маусымда Бас прокуратура мен Антикор қызметкерлері Б.Ибрагимді Германиядан экстрадициялап, елге әкелген болатын. Оған «топ болып алаяқтық жолмен Bank RBK қаражатын аса ірі көлемде ұрлады» деген айып тағылып, тергеу изоляторына қамады. Ұрланды делінген соманың көлемі де айтылды. Тергеу органы таратқан дерекке сенсек, Б.Ибрагим 2013-2016 жылдары банктен 50 млрд теңгені және 83 млн долларды жымқырған.

2020 жылы сот Б.Ибрагимді кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырған еді. Бір жылдан соң сот оның жазасын 7 жылға қысқартты. Ал биылғы жылдың басында ғана ол түрмеден босап шыққан-ды.

Сағынтаев
М.Әбдір. Фото: ғаламтордан

Бақыт Ибрагим – бұрынғы премьер-министр, Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеубаласы. Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, Б.Ибрагим Б.Сағынтаевтың үлкен қызы Меруертпен некелескен. Дәм-тұзы жараспаған жұп кейін ажырасып кеткен көрінеді. Некеде болған кезде Сағынтаевтың қызының аты-жөні Меруерт Ибрагим еді, ал қазір ол тегін Меруерт Әбдір деп өзгерткені белгілі болды.

Британдық беделді басылым Financial Times-тың жазуына қарағанда, Б.Сағынтаевтың қызы Меруерт Әбдір «Лондон, Қазақстан, Дубай арасына сүрлеу салып алған», аса қымбат брендті киімдер киеді және Net-a-Porter интернет дүкенінде «аса маңызды клиент» мәртебесіне ие.

Бақытжан
Б.Сағынтаев. Фото: BELTA.BY

Ал Бақытжан Сағынтаевтың өзіне келсек, ол әр жылдары премьер-министр, президент әкімшілігінің жетекшісі, Алматы қаласының әкімі сияқты лауазымды қызметтер атқарды. 2024 жылы ол Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қазақстанның билік иерархиясында маңызды тұлға саналған, әлі де билік оқшантайынан түсе қоймаған Б.Сағынтаевтың бұрынғы күйеубаласының жұмбақ қазасына қатысты істің тоқтап қалуы түрлі ойға жетелейтіні жасырын емес. Тиісті жазасын өтеп келген Б.Ибрагим қандай жағдайда қаза болды? Ол НЕГЕ өзіне қол жұмсады? Қазасының жай-жапсары НЕГЕ жария етілмеді? Оған қысым жасалды ма?..

Қылмыстық іске қатысты осы сарынды сұрақ көп. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге жауап жоқ.